Әйел адамдардың смокинг кию мәдениеті қалай қалыптасты?

Әйел адамдардың смокинг кию мәдениеті қалай қалыптасты?
Фото: vk.com

Костюм, пиджак, смокинг. Қазіргі таңда осыдан 60 жыл бұрынғыдай "бұл киімдер тек ер адамдарға ғана арналған" деген қатып қалған тұжырым сақталмаған.

Сән өндірісі тарихында смокингті әйелдерге бағыттап тігу атақты кутурье Ив Сен-Лоранның Le Smoking топтамасынан басталады десе де, оның бастауы әріде екені белгілі.

Жакет пен шалбар кию еркіндігі үшін күрес XVIII-XIX ғасырлар аралығында белсенді жүргізілген. Ал, 1870 жылы талантты актриса Сара Бернар шалбарлы костюм киемін деп барша Париж тұрғындарының сөзіне қалады. Мұндай гендерлік тәжірибелерді актриса тек өмірде ғана емес, сондай-ақ, өнерде де жасап көрді. Қойылымдардың бірінде ол Гамлет рөлін сомдаған екен.

Мұндай қозғалыстар XX ғасырдың басында ағылшындар жерінде де орын алды. Алғашында "tailor" сөзі ер адамдар киімін тігуші элитарлы кутурьелерге қатысты ғана қолданылған. Бірақ, 1903 жылы Джон Редферн есімді ағылшын "tailor" ер адам киімі негізінде әйелдерге арналған костюм ойлап табады.

Одан кейін Марлен Дитрих, Коко Шанель, Нан Кемпнер сынды бикештер костюм, пиджак, смокингті жиі киіп, бұл құбылыс айтарлықтай тансық болудан қалды.

Ал,  80-ші жылдары әйел адамдар ерлер қатарлы кәсіп басқарып, мансап қуып, қоғамда жеке тұлға ретінде қалыптасу мүмкіндігіне толыққанды ие болған шақта power dressing стилі қалыптасты.

Бұрын ерлер киімін киген әйелдерді кеңселерге жақындатпайтын болса, қазір кеңсе стилінде костюм кимеген бикештер дресс кодтан өтпей қалып жатады. 

А. Оралқызы