Жігіттер қандай макияжды ұнатпайды?

Біз сіздерге мінсіз макияж жасаудың қыр-сырын айтып өткен болатынбыз. Бірақ біз, қыздар кейде «артық қыламыз деп жүріп тыртық қылып алатынымыз» тағы бар. Бояу бар екен деп, оны үйлесімсіз, жарасымсыз жаға беруге әсте болмайды. Бояуды жағудың да өз сыры бар.

Боянып сыртқы ортаға шыққан соң, сіз жаныңыздағылардың көзіне түсесіз. Әсіресе, жігіттердің көзіне! Мойындау керек, жігіттер боянған қыздардың бәрін жақтыра бермейді. Ал кейбірі қыздардың қалай боянғанына қарап сын жасайды. Сын кейде іштей айтылса, кейде өзіміздің бетімізге да «басылып» жататынын жасырып қайтеміз?

Ал ендеше, артық бояуды өшіру үшін жігіттерден қандай макияж түрін жақтырмайтынын сұрап алайық!

Әлеуметтік желілердегі түрлі форумдар мен блогтарға көз жүгіртсек, жігіттердің пікірін біле аламыз.

Жасанды кірпіктер

Жігіттер Қыздардың табиғат берген сұлулығын қатты бағалайды. Сондықтан жасанды кірпік жалғап алған қыздардың жасанды сұлулығына онша таңдай қаға қоймайтыны жасырын емес.

Шектен тыс боялған және көзге бірден түсетін қара бояуы қанық қас

Әрине, өзіңіздің қасыңыз сирек болса, онда оны бояп пішінін көрсетіп қоюға болады. Тек қас бояуда да абай болғайсыз! Қанық түске бояп алған қасыңызбен сіз жігіттердің көзіне тек жағымсыз әсер қалдыра аласыз. 

Киім түсіне үйлеспейтін макияждар

Қыздар, егер сіздер үстіңіздегі киімге лайық бетіңізді әрлемей сыртқа шықсаңыз, онда сыртқы ортада өзіңізді қолайсыз сезінуге дайындай беріңіздер.

Қан қызыл далап

"Ерінімді шиедей қылам" деп жүріп шектен шығып кетпеңіз! Жігіттердің көп бөлігі қан қызыл түсті далап жаққан қыздарды жақтыра бермейді.

Көк түсті қабақ бояуы

Жігіттерге ұнамайтын бояулардың көшін осы бояу бастап тұр. Көбісі осы бояуды жағатын қыздардың маңына жолағысы келмейтінін айтады. Сондықтан, қыздар, бұл түстен барынша қашуға тырысыңыздар!

Мұндай кезде біздің арамыздан "Біз жігіттер үшін боянбаймыз" деп ұнамсыз бет әрлеуді жалғастыра беретін нәзік жандылардың шығарына күмәніміз жоқ. Сұлулықты бағалайтын жандар - жігіттер. Сұлу болып жүру әрбір қыздың міндеті десек, "Қате айттың" демеңіздер! 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

суреттер: sun-tan.ru, tattooartists.ru, 1001makeup.ru