Түрлі-түсті пальтоны қандай киімдермен үйлестіреміз?

Ұзын пальто — қыз-келіншектердің гардеробындағы әдемі киімдердің бірі. Егер денеңізге қонымды түрі мен теріңізге лайық түсін таңдай білсеңіз, нағыз ханшайымның өзіне айналар едіңіз. Ал оған сай сөмке мен аяқ киімді қате таңдасаңыз, сырт көзге ұсқынсыз болып көрінеріңіз анық.

Ең алдымен, пальтоның кез келген адамға жараса бермейтінін ескерейік. Бар мәселе пальтоның ұзындығы мен пішінінде. Мұнымен қатар, дене пропорциясының да маңызы зор. Ұзын пальтоны бойшаң және орташа бойлы қыздар таңдағаны абзал. Бірақ суреттегі пальто «макси» емес. Оның ұзындығы орташа. Кеңдігі аяқ пен дененің кемшіліктерін жасырады. Ал түсіне келсек, онымен ақ, қара, сұр, қоңыр, ақшыл сары сынды түстер ғана үйлеседі. Қалғаны талғамсыздығымызды танытады. Сондықтан ішінен киетін көйлек немесе кеудеше таңдаған кезде абай болыңыз.

Кішкене қара көйлек барлығымыздың гардеробымыздан табылуы мүмкін. Өйткені оны көп жерге киіп баруға болады. Тойға да, мейрамханаға да, достарымызбен кездесуге де киіп барсақ, артық болмайды. Ең бастысы, түрлі-түсті сырт киіммен жақсы үйлеседі. Ал оның суреттегідей жабысып тұратын түрін айқындауға лайық беліңіз бар болған жағдайда кигеніңіз жөн. Қара көйлектің өзгелерден айырмашылығы – адамды арық етіп көрсететіндігінде.

Өкінішке орай, ауа райына байланысты суреттегідей ашық аяқ киім киіп жүре алмаймыз. Бірақ оны күдерімен қапталған қара немесе көк түсті етікпен, жабық туфлимен алмастыруға болады. Ал қолдағы клатчтың тек қара түсті болғаны жөн.

Пальтоның түсі бірден көзге түседі. Сондықтан оған қоса көлемді әшекей-бұйым тағудың қажеті жоқ. Қарапайым күмістің өзі жарап қалады. Мұндай пальтомен джинс шалбар мен қарапайым кеудеше кигіңіз келсе, оның денеге жабысып тұруын қадағалаңыз. Әйтпесе образыңызды айналаңыздағылар түсінбей қалуы мүмкін. Және ішінен киілетін көйлектің ұзындығы пальтодан қысқарақ болғаны жөн.

Ал сіз мұндай пальтоны қандай киімдермен үйлестіресіз?