Жазғы сән: Chinos шалбары

Жазғы сән: Chinos шалбары
Фото: blogspot.com

Жаздың ми қайнатар ыстығында джинстан да жұқа шалбар кигіңіз келеді. Бақытымызға орай, дизайнерлер бұл мәселені де ойластырып қойған, ол - chinos шалбары.

Чиностың тарихы ХХ ғасырдың басындағы америкалықтардың испандармен Филиппин үшін талас-тартысынан басталады. Азияның ыстығына төтеп бере алмаған америкалықтар Қытайдан жұқа мата алдыртып, содан киімдер тіккізген. «Chino» сөзі испанша «қытайлық» дегенді білдіреді. Сондықтан америкалық солдаттар қытай матасынан тігілген шалбарды chinos деп атаған. Еуропаға Екінші дүниежүзілік соғыстан соң кеңінен тарады.

Бүгін де чинос шалбары әсемдігімен, ыңғайлылығымен сән әлемін ғана емес, дүниежүзіндегі қыз-келіншектердің де жүрегін жаулап алды.

Чинос шалбары денеге өте қонымды болғандықтан, оны дресс-код қатаң сақталмайтын жұмыс орнына, қонаққа, жігітіңіздің ата-анасымен, құрбыларыңызбен кездесуге киіп бара аласыз. Шалбардың беліне жіңішке белдік тағып, мақта матасынан тігілген бойфренд-жейдесімен үйлестіруіңізге болады.

Негізінен, бұл шалбардың балағын қайырып киетіндіктен, аяғыңыздың әдемілігін гладиатор сандалымен, брикенштокпен, біз өкше босоножкамен көрсете аласыз.

Жазға чиностың ақ, сарғыш, ақшыл қоңыр, ақшыл жасыл тәрізді ашық түстері ыңғайлы. Оны жылтырақ әшекейлермен кие алмайсыз, сол себепті аксессуарлардың қарапайым, бірақ әсем көрінетін түрлері жарасымды көрінеді. Мысалы, біртегіс білезік, сағат, сақина, сырға. Күндіз ыстық болғандықтан, тек кешкі шараларға ғана кішігірім алқа тағуға болады. Сөмкелерден кроссбоди, шоппер және рюкзак лайық.

Еркіндікті қалайтын бойжеткендер чиносқа белдіктің орнына иықбау тақса, ерекшеленіп көрінеді. Немесе осы шалбармен бастарына жұқа кепка мен аяғына кеда не слипер киген жөн.

Чиностың бір құпиясы оның барлық пішіндегі аруларға жарасуында. Оның матасы төзімді болғандықтан, бірнеше жыл кие аласыз, оның үстіне үлгісі классикалық стильге келетіндіктен, сән әлеміндегі өзінің өзектілігін ешқашан жоғалтпайды деп батыл айта аламыз.

Chinos шалбары тек қыздарға ғана емес, ерлерге де жарасымды. Жұмысқа, оқуға, маңызды кездесуге дресс-кодты бұзбай, сәнді болып бару үшін ақшыл, қара түсті чинос шалбарын алып қойғаныңыз абзал.

Ф. Абилова