Макияжға арналған жаққыштарды қалай тазалаймыз?

Макияжға арналған жаққыштарды қалай тазалаймыз?

Күнделікті пайдаланылып жүрген заттар үнемі тазалықты қажет етеді. Тіпті макияжға арналған жаққыштарды да аптасына бір рет тазалап тұру керек. Өйткені, бояу жаққыштардың ішінде теріге кері әсерін тигізетін әр түрлі зақымдаушы микробтар болуы мүмкін. 

Макияжға арналған жаққыштарды зәйтүн майымен немесе қағаз майлықтармен және жұмсақ шүберекпен тазалауға болады. Бояу жаққыштарды пайдаланып болғаннан кейін оларды міндетті түрде бактерияға қарсы құрамы бар қағаз майлықтармен сүртіп отыру қажет. Бұл әсіресе, сұйық косметиканы пайдаланушылар үшін өте маңызды.

Макияжға арналған жаққыштарды зәйтүн майымен тазалау. Қағаз майлыққа зәйтүн майын аз ғана мөлшерде тамызып, жаққыштарды мұқият тазалаңыз. Жаққыштардың басына майдың сіңуін қадағалаңыз. Жаққыштарды тазалап болғаннан кейін оларды сусабынмен жуып, соңынан сумен шайыңыз.

Макияжға арналған жаққыштарды сірке суымен тазалау. Шыны ыдысқа сірке суының ¼ стақан мөлшерін құйыңыз. Үстіне жарты стақан су қосып, жақсылап араластырыңыз. Алынған қоспаға жаққыштарды салыңыз. Жаққыштардың қылшықтарының арасының да жуылуына мән беріңіз. Есіңізде болсын, жаққыштарды ешқашан ыстық сумен жууға болмайды.

Макияжға арналған жаққыштарды сусабынмен тазалау. Алақаныңызға сусабынның аз ғана мөлшерін құйып, жаққыштардың басын жақсылап ысқылаңыз. Содан кейін жылы сумен шайыңыз.

Макияжға арналған жаққыштарды кептіру. Егер жаққыштардың бастапқы формасын қалпына келтіргіңіз келсе, оларды жуып болған соң саусағыңызбен сығып, құрғақ майлықтың үстіне қойыңыз. Жаққыштардың жақсылап кебуі үшін түнге қалдырыңыз.

Макияжға арналған жаққыштардың таза болуы безеу мен тері проблемаларының алдын алады. 

Дайындаған: Гүлнұр Бақытбекова

Сурет: fitnessplus.ru

Г. Бакытбекова