Ыстыққа төзімді маталар

Ыстыққа төзімді маталар

Дәрігерлер жылдан жылға синтетикамен бекер күреспейді. Сүйікті сарафан, шалбар мен жейделерде полиэстер көп болған сайын, «пісіп» кету қаупі де жоғары, яғни жылу алмасудың бұзылуынан денеге ыстық өтіп, ал бұл адамның есінен тануына әкелуі мүмкін.

Эндокринологтар ыстықта адам өзін жайлы сезінуі үшін қынама киімдерден және ауа жібермейтін синтетикадан бас тартып, мақта мата, зығыр және жібекті таңдағаны дұрыс дейді.

Табиғи маталар өте нәзік келеді. Кір жуғанда жуу ережесін дұрыс қоймасаң бітті - нәзік жібектен тігілген көйлекпен қоштаса берсең болады. Енді не істеу керек? Жазғы гардеробты жинақтауда нені ескеріп, табиғи маталарды қалай күту керек?

Мақта мата


Ең танымал және арзан жазғы мата. Мақта мата мен гүлді принт бұл маусымда ең ұтымды нұсқа. Бірақ мақта мата қанша жерден мақтауға тұрарлық болса да, мәңгілік қызмет ете алмайды және дұрыс күтпеген жағдайда пішінін жоғалтып қана қоймай, бояуы да кетуі мүмкін.

Мақта матаны қалай күту керек?

Мақта мата бұйымдарын 60 градусқа дейін температурада жуу қажет. Киімдерді кір жуғыш машинаға саларда оларды матасына және түстеріне қарай ажыратып алыңыз. Егер көйлек жұқа мақта матадан тігілсе, температураны 40 градусқа дейін түсіріңіз.

Бұл мата, сонымен қатар, тым қатты кебуді қаламайды. Болмаған жағдайда қатты қыртыстанып кетеді. Үтіктеуге берілмей жатса, оған пульверизатордан су шашып, екі сағатқа қойып қойыңыз.

Зығыр


Бұл мата әсіресе дресс-код ұстанатын қызметкерлерге пайдалы. Зығыр костюмдер, көйлектер, белдемшелер, шалбар мен топтар офис қызметкерлеріне аптап ыстықта жұмысқа дейін құрғақ баруын қамтамасыз етеді.

Зығыр матаны қалай күту керек?

Зығыр - өте қиын мата. Оны мінсіз үтіктеу тіпті мүмкін емес. Химиялық тазалау орталықтарында зығырды алдын ала аппретпен өңдейді. Бұл оған біраз қаттылық пен мыжылмауын қамтамасыз етеді.

Ақ зығырды 60 градусқа дейін температурада жуу керек, түрлі түстіні - 30-40 градустан жоғары, әйтпесе ол түсінен айрылуы мүмкін. Матаны қатты сықпау керек. Максимум – 600 айналым.

Зығыр киімдерді иығынан іліп кептіру керек және дымқыл күйінде үтіктеу құпталады.

Жібек


Бір кездері бұл мата бай адамдарға ғана қол жетімді болған. Бүгін де жібек аз ақша тұрмаса да, қарапайым адамдарға қол жетімді болып келеді және көптеген қыздардың сүйікті матасы. Бұл мата ыстықтан қорғап қана қоймай, қапырық күнде салқын леп беретін қасиетке ие. Алайда артықшылығы көп болғанымен, өте кірпияз.

Өндірушілер жібек маталы киімдерді химиялық тазартуға беруді ұсынады, өйткені сумен байланысқа түскен киім отырып қалуы, өңі кетуі, пішіні өзгеруі мүмкін. Біртүсті киімдерді үйде жууға болғанымен, өрнегі бар киімдердің бояуы ағып кету ықтималдылығы жоғары.

Жібек матаны қалай күту керек?

Біртүсті киімдерді салқын суда қолмен жуу қажет. Жібітіп қою және ұнтақ немесе ағартқыш қосу құпталмайды. Тазарту құралдарынан жібек немесе жүн маталарды жууға арналған сұйық концентраттар ұсынылады.

Жібек бұйымдарды машина барабанында немесе қолмен сығуға болмайды. Көйлекті түкті сүлгіге жайып, сүлгі толығымен суды сіңіріп алған соң киімді иығынан жайыңыз.

Жібекті сусыз, ең төменгі температурада үтіктеу керек. 

Сурет: www.multishopper.com

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina