2020 жылы қандай сөмкелер сәнде болады?

2020 жылы қандай сөмкелер сәнде болады?
Фото: unsplash.com

Сән көрсетілімдері сән стиліне есік ашып қана қоймай, келесі мерзімде сәнде не болатынын көрсетеді. Ендеше, әлемдік сән көрсетілімдеріне сүйеніп, 2020 жылы сәнде болатын сөмкелер топтамасын ұсынамыз.

Қап-сөмке

Кең таралған сөмкелердің бірі – қап-сөмке. Дүкен сөрелерінен оның әртүрлі түстегі және өлшемдегі түрлерін кездестіруге болады. Кей дизайнерлер оның рюкзак түрлерін де ұсынды. Қап-сөмкенің шелекке ұқсайтын түрлері де сәнде болады. Oscar de la Renta, Miu Miu және 3.1 Phillip Lim брендтерінің дизайнерлері қап-сөмке элементтерімен және детальдарымен тәжірибе жасап жатыр.

ХХL

Нью-Йорк пен Париждегі сән көрсетілімдерінде модельдер өте үлкен сөмкемен жүріп өтті. Егер сөмкеңізге заттарыңыз үнемі сыймаса, ойланбастан, сәнді оверсайз сөмке алыңыз.

Қолтырауын тері

Қолтырауын терісіне ұқсас етіп жасалған сөмкелер сәннен шықпайды. Мұндай сөмкелер бұл мерзімге арналған сән көрсетлімдерінде өте көп кездесті.

Сабан сөмке

Сабан сөмке 2019 жылдың көктем-жаз мерзімінде трендке айналғанын білеміз. Мұндай сөмкелер биыл да сәннен кетер емес. Дизайнерлер оның түр-түрін ұсынып отыр.

Bottega Veneta сөмкелері

2019 жыл Bottega Veneta бренді үшін сәтті болды. Бұл сән үйіне жаңа креатив директор Дэниел Лидің келуімен бренд бұйымдары атақтылардың сүйікті аксессуарына айналды. Оның The Pouch сөмкесі (оны "тұшпара" деп те атайды) бірден танымал болып кетті. 2020 жылы тұшпара-сөмкелер, Bottega Veneta брендінің өрілген сөмкелері сәнде болатыны анық. Әрине, бұл брендтің сөмкелері қымбат тұрады, бірақ қазір дизайны соларға ұқсас қолжетімді бағадағы сөмкелерді көптеп кездестіруге болады.

А. Жапатова