Қасиетіңнен айналдым, кешір, Домбыра! (Қазақ ақындары домбыра туралы)

Қасиетіңнен айналдым, кешір, Домбыра! (Қазақ ақындары домбыра туралы)
Фото: baq.kz

Домбыра – шарықтата ән шырқап, күмбірлете күй шертіп, бір жігітке жеті өнерді аз санаған талантты халқымыздың ең сүйікті ұлттық аспабы. Оған барынша құрмет көрсетіп, аяқ асты қалдырмай, төрге ілген. Еліміздің егеменді күнде көкейге келген қуанышы да, қиын қыстау заманда шер болып шыққан ыза-зары да қасиетті қара ағаштың қос ішегінен күй болып күмбірлейді. Халықтың әнші, ақын-жырауы, сал-серісі, ұзақ дастандарды жатқа соғатын жыршылары – бәрі де «әу» деп аузын ашқанда, өлеңін сенімді серігі домбыраның үніне қосып шырқайды. Бұл әрбір қазақтың үйінде болуы міндетті және қажетті аспап.

Домбыраның пайда болу тарихы сонау ғасырлар қойнауынан бастау алады. Ең алғаш сақ тайпаларының қолданған аспабы деген дерек кездеседі. Біздің қазіргі қолданып жүрген ұлттық аспабымыздың дөңгелек-сопақша пішінді алғашқы нұсқасын Әбу Насыр әл-Фараби жасаған көрінеді. Ол заманда әркім өзінің домбырасын өзі қашап, ойып жасаған.

Домбыраны қазақ қалай сипаттап, қалай қадір тұтқаны туралы өткен ғасырлардағы тілінен бал тамған, өлеңмен ой өрген кемел ойлы кемеңгер ақындар сыр шертеді. Асылдың сынығындай, шұғаның қиығындай адайдың асыл текті оғыланы Қашаған Күржіманұлы Есқали сұпыға қонаққа келгенде, ол амандаспастан:

– Бұл үй домбыра тартып, өлең айтуға тігілген жын-шайтанның үйі емес, Құдайдың үйі еді ғой. «Ит ерткен қонақ жараспайды» дегендей, шайтанның қу ағашы бұл үйге қайдан келді», - деп жекіреді. Надан сұпының қылығы кектендірген Қашаған:

– Келе сала, Сұпы-еке,
Домбырамды боқтадың.
Домбырамды боқтасаң,
Өзімді басқа соққаның,
Сұпылығың қай жақта,
Шын тентекке ұқсадың.
Қолымдағы қу ағаш,
Сайрап отыр бұл ағаш.
Қолымдағы ағашым –
Алып жүрген домбыра,
Тартқан сайын даңғыра.
Домбыра күнә деген сөз
Тек бір айтқан дабыра.
Қолымдағы қу ағаш,
Сайрап отыр бұл ағаш.
Асылы емен, қарағай,
Шыққан жері су ағаш.
Аруақты ерлердің
Қолындағы ту ағаш, -

деп ағаштың, домбыраның қасиеті туралы суырып салып айтып береді. Сенімді серігіне тіл тигізгеніне ызаланып, оның қасиетін асқақтатқан Қашаған болса, XIX ғасырдың аяғында өмір сүрген қазақ поэзиясының Құлагері, өнер жыршысы, Ілияс Жансүгіров:

«Еңбек елдің жыршысы-ау,
Жанымды бір жадырат,
Көкейіме қондыра,
Тәтті-тәтті әңгіме айт
Жаңа өмірді жыр қыла,
Шежіре, шешен сұңғыла, -
Құлшына тарт, домбыра!» -

деп қасиетті аспаппен тілдеседі.

Жалғасы...

@. @assel_assanova