Ілияс Жансүгіров өлеңдері Мәскеуде оқылды

Ілияс Жансүгіров өлеңдері Мәскеуде оқылды

Өткен сенбіде Мәскеудің ұлттар үйінде Ілияс Жансүгіровтың 120 жылдығы аталып өтті. Іс-шараны ақынның немерелері мен Мәскеудегі қазақ диаспорасы бірігіп ұйымдастырды.

Кеш басында Ілиястың өмірбаянына қысқаша шолу жасалып, жары Фатиманың жеке мұрағатында сақталған  құнды суреттері мен тарихи құжаттары көрермендерге көрсетілді. Ақынның балалары да әкелері жайында естеліктерін бөлісіп, өткен шақтардан сыр шертер әсерлі әңгімелер айтып берді. Кейін ақынның Ілфадан, Саяттан тараған ұрпақтары сөз алып, ақын өлеңдерін екі тілде оқыды.

«Ілиястың жазған өлеңдерін екі тілде тыңдап отырып, оның тілі орысшаға бағынбайтынын аңғарамыз. Себебі, оның өлеңдерінде қазақы иірім мен қазақы психология бар. Көшпенділер философиясы да сезіледі. Оны аудару өте қиын. Дегенмен, Смирнов пен Евтушенколардың шеберлігінің арқасында орыс халқы да ақын поэзиясының дәмін тата алды», - дейді журналист Роза Жандосова Герольд Бельгердің сөзін растай отырып.

Мәскеудегі қазақ жастары да Ілиястың өлеңдерін оқып, «Күйші» поэмасына шағын қойылым жасады. Күй шертіліп, ақынның сөзіне жазылған әндер де орындалды.

Кешті Татьяна Палтавская, Жеңіс Ысқақов сынды Мәскеудегі қазақ өнерпаздары жалғастырып, Абайдың, Ақан серінің әндерін орындап, елді сағынған көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасының желісі бойынша түсіріліп, Кеңес Одағы кезінде көрсетілімге шығарылмай, он бес жыл бойы сақталған Болат Мансұровтың «Ас беру» деректі фильмі шараның шымылдығын жапты.

«Ілияс Жансүгіровтың артында қалған ізбасарлары ретінде, ақынның 120 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуді жөн көрдік. Осы күндері жолымыз Мәскеуге түскен соң, Ресейде де Ілиясты оқитын, оны ұлықтайтын жандардың барына сеніп, тәуекел еттік. Үмітіміз ақталды. Біз әр жыл сайын Алматы, Жетісу, Талдықорған қалаларында еске алу іс-шараларын дәстүрлі түрде өткізіп отырамыз және оны өзімізге парыз санаймыз», - дейді ақынның немересі Фатима Жандосова.

Сөйтіп, «Қазақ поэзиясының Құлагерінің» екпінді шабысы ғасырларларға ұласып, дүбірі Мәскеуге де естілді. Ілиястың мирас еткен мұрасы сол кеште бір жаңғырып қалғаны сөзсіз.

Ардақ Әлімбетова, Мәскеу қаласы

Ш. Талап