- Негізгі бет
- Шығарма
- Әжемнің әңгімесі ...
Әжемнің әңгімесі
Соғыс. Талай–талай қайрат–жігері тасыған, жалындаған өмірді қыршынынан қиған аяусыз, сұрапыл соғыс. Біреудің асқар таудай әкесі, екіншісінің тіреніші мен таянышындай аға–бауырының тағдырын жалмаған соғыс. Дарқан даланың тыныштығын алып, аспан мен жерді қара түтін мен дәрінің иісіне бөгіп, қаншама жазықсыз жанның қанын судай ағызған сұм Отан соғыс–ай. Талайлардың шаңырағын ортасына түсірдің-ау, соның бірі менің әжем Майра болатын.
Сол әжем мен ес біле бастаған уақытта маған өзінің өмірден түйгенін, көрген–білгендерін әңгімелей бастады. Апам күйбең тіршіліктен қолы босап, күн қызыл шапаққа малынып, арайлап бата бастаған уақытта сөз бастайтын. Шіркін, ол да бір дәурен екен–ау! Бірінен соң бірі қайталана беретін күндердің бірінде әжем мен үшін маңызды бір хикаяны айтты. Менің жүрегімді қозғалтқан, көңілімді құлазытып, барлық құйқа тамырымды шымырлатқан оқиға былай өрбіді:
«Біз жанұямызда алты жан болдық. Құдды бір жылы ұяда бақыттан басы айналған қарлығаштар сияқты едік-ау! Әкем - Себеппай. Себеппай жаратылысынан тік мінезді, екі сөйлемейтін, қатал адам. Анам Дәкіман да жарына ұқсаған ер мінезді кісі. Бірақ, жүрегі жұмсақ еді-ау, топырағы торқа болғыр. Балалардан мен, інім Қаби ер жетіп қалған және екі егіз сіңілім бар. Қоңыр күздің қара суығы бітіп, қаһарлы қыс қылышын сүйретіп, бет–аузыңнан бар ықыласымен сүйіп, үсікке шалдыратын қызыл шұнақ Теректінің сары аязы орнаған уақыт. Ақ түтесін боранның көз аштырмай, ұйытқып тұрғанына бүгін – төртінші күн. Көршілер бір-бірімен қатынасуды қойған. Малдарын ауыз үйлеріне кіргізіп алған. Кеш әлдеқашан түскен. Дәкіман пешке от жағып отыр. Әкеміз малдың қамымен жүр. Бір уақытта үйге әскери шинель киген, үш–төрт адам сау етіп кіріп келді. Сырттан келген суық жел мен аяз үйде тұрған жетілік білте шамды өшіре жаздады. Бәріміз аңтарылып әлгілерге қарап қалыппыз. Менің жүрегім құрғыр су ете қалды. Біреу үстіме мұздай суды әкеліп құйып жібергендей болды. Анамның қолынан көсеу сылқ етіп, жерге түсіп кетті. Сіңілілерім менің артыма тығылып жатыр. Тек әкем ғана сабырлы қалпын бұзбай, байыппен әлгі кісілердің жанына барды. Тегі асыл еді–ау, шіркін! Бізге уайымдамауды ескертті. Олар өзара сөйлесіп жатты. Бізге тек күбірлегендері ғана естіледі. Содан үш күн өткеннен кейін әкем соғысқа аттанды. Қоштасарда әкем жылап тұрған анамның иегінен көтеріп:
«Дәкіман, сен төзімді едің ғой. Мына қара шаңыраққа енді сен ие бол, түтінімді өшірмей сақта. Егер маған алда-жалда бірдеме болса, мына балаларды қайтсең де оқыт, адам қыл! Ал, енді қош!», - деп еді.
Сол сөздер көмескі де болса әлі күнге дейін санамда сайрап тұр. Сөйтіп, әкем аждаһадай аранын ашқан соғысқа кете барды. Шешем шиіттей төрт баламен жылап-сықтап қала берді. Көздің жасын көл қылғаннан пайда жоқ екенін біз кейін түсінгендейміз. Қысты артқа ысырып, гүлдей жайраңдаған, қыздай құлпырған жаймашуақ көктем өзінің шаттығы мен қуанышын ала келді. Қар еріп, алғашқы бәйшешектер де қылт етіп әр жерден басын қылтита бастады. Әттең, бұл қуаныш та ұзаққа созылмады. Соғыстан бір аяқсыз қайтқан, өмірі қолынан таяғын тастамайтын Нәсимолданы ауыл бригадир сайлап қойған. Сол Нәсимолда кемпір-шал, бала-шаға демей, бәрін егістікке жер жыртып, мақта егуге айдады. «Сендер соғысты көрмедіңдер, мына мен көрдім, соған шүкіршілік етіңдер» деп төбемізден қақылдап тұрар еді. Жұмыс уақыты аяқталып, үйге қалжырап қайтқанда тамаққа қарауға мұршамыз болмай сүріне-қабына пысылдап ұйқыға кететінбіз. Сонда қанша шаршаса да, шешем байғұс қана ұйықтамайтын еді. Үркер шыға бастаған уақытта, таң қараңғысында анам бізді өзінің қатпарланған әжімді алақанымен бастан сипап оятатын. Сонда інім екеуміз қаншалықты ұйқы қысып бара жатса да, намысқа тырысып тұратынбыз. Азанғы ауқатымыздың өзі бір уыс бидай талқаны мен қара су болатын. Егістікке шығып бара жатқанда, анам екі егізді, баласы соғыстан қайтпай, қаралы қағаз келген соң, қайғыдан бір жақ денесі толықтай істемей сал болып қалған Көктай кемпірге тастайтын.
Егістіктің жұмысы өте ауыр. Құдай сендердің бастарыңа салмасын. Жер жырту, мақта егу, суғару, арам шөп жұлу – бәрі-бәрі өтті. Алтын түстен киім киген сары күз келіп, мақта теретін науқан басталды. Бәріміз енді азаптан құтыламыз дегенде, жапа-тармағай мақта тере бастадық. Мақтаны қауызынан ақырын ашып ала бастасаң, тікендері қолыңның қанын ағызып әр жеріне кіріп кетеді. Көзіңнен жастың қалай ыршып кеткенін байқамай қаласың. Қолымыздың дуылдатып әкетіп бара жатқанына шыдап бағамыз. Өйткені, әскердегі ерлерімізге жылы киімдер жіберу керек қой. Ал, барлық киім атаулының атасы – мақта. Әйтеуір тегін жұмыс істеп жүрген жоқпыз. Үмітсіз - шайтан деген, әупірімдеп жүріп жұмысты да бітірдік. Апыр-ау, қандай бақыт десеңізші! Біз демаламыз. Енді шаршамаймыз.
Дәкіман үйде жіп иіріп отырған. Анда-санда аһ ұрып қояды. Мен қазанның жанында жүргенмін. Бір кезде сай жақтан әлдекімдердің басы қылтиды. Әлден уақытта салт аттылар жақындай бере «ой бауырымдап» аттан түсті. Шошып кеттім. Бір орында мең-зең күйде тұрып қалдым. Шар етіп бақырып жылап жібердім. Анам байғұсқа осы зар аз болғандай енді әкемнің қазасы келіп қосылды, апыр-ау, осы түсім ғана болсашы! Шешем байғұс дереу орамалын лақтырып, шашын жұлып, бетін осқаны ғана есімде. Дүние көз алдымда шыр көбелек айналып кетті.
Әкемнің қырқын берген соң анам әкемнің күйігінен қатты шөгіп, шашы лезде аппақ болып ағарып кетті. Ауылға қаралы қағаз бірінен соң бірі келіп жатты. Әскерден тек қана Ноян, Секен, Өскен келді. Олардан әкемізді сұрасақ, Псков түбінде бөлініп кеткендігін айтады. Енді біз қорғансыз жетім, шешеміз Себеппайдың жесірі атанды», - деп әжем әңгімесін аяқтады.
«Бірақ біз жасымадық. Төртеумізде адам болып жетілдік. Анам бізді өсірді, оқытты да, дүние салды. Соғыс салған жара өмір бойы санамызда қалды. Әкесіз өстік. Басқалар сияқты әкемізге еркелей алмадық. Елдер әке десе құлағымыз елеңдеп тұратын еді. Шіркін, біздің өсіп-өнгенімізді көргенде ғой. Шаңырағымызға келіп, қуанышымызды бөліскенде ғой. Менде бұдан артық арман болмас еді.
Қазіргі қазақ жастарына айтарым, сендер бейбіт елде, тыныш жерде, тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатырсыңдар. Бізге бұл тәуелсіздік соғысқа аттанған азаматтарымыздың қанымен, желтоқсаншылардың жанымен келді. Біз алдыңғы толқын аға-әпкелеріміздің көргенінің мыңнан бірін де көрген жоқпыз. Ендігі біздің міндет – Тәуелсіздіктің туын тұғырында ұстап, біз үшін жанын пида еткен жандарымызды еске алу», - дейді әжем.
Нәзік Секенова
№119 мектептің 10 сынып оқушысы
Сурет: slawyan.kazakcnr.com
Оқи отырыңыз:
Менің арманым – Нұрсұлтан атадай Президент болу
Ж. Исакаев