WhatsApp қолданушыларының саны екі миллиардқа жетті

WhatsApp қолданушыларының саны екі миллиардқа жетті
Фото: fortune.com

Әлемдегі ең танымал мессенджер WhatsApp-тың қолданушылары 2 миллиардқа жетті. Бұл туралы мессенджердің блогында жазылған.

Жазбада компания жеке ақпаратты қорғауға көп көңіл бөлетінін атап өткен. Сондықтан WhatsApp арқылы жіберілген хабарламаның бәрі бірден шифрланады.

"Хабарлама тек сіздің телефоныңызда сақталады, оны ешқандай үшінші адам оқи алмайды, қоңырауларыңызды тыңдай алмайды, тіпті, біз де. Сіздің жазғандарыңыз өзіңіз бен әңгімелесушінің арасында қалады", - деп жазылған WhatsApp блогында.

Бұған дейін БҰҰ қызметкерлері де WhatsApp мессенджерін қолданбайтынын айтып, оның қауіпсіздігіне күмән келтіретінін мойындаған. Бұл туралы БҰҰ бас хатшысының орынбасары Фархан Хақ 23 қаңтарда өткен брифингте айтқан еді.

Image result for farhan haqФархан Хақ ©nytimes.com

"БҰҰ-дағы лауазымды қызметкерлеріне нұсқаулық жасалған. Себебі WhatsApp қауіпсіз механизм емес. Сондықтан бас хатшы оны қолданбайды деп ойлаймын", - деді Хақ.

Бұл мәлімдеге себеп болған жағдай – Amazon компаниясының басшысы Джефф Безостың телефоны Сауд Арабиясының ханзадасы Мұхамед бен Салманның телефоны арқылы бұзылған деген ақпарат. 2018 жылы мамырда ханзада WhatsApp арқылы Безосқа зиянды файл жіберіп, жеке деректеріне қол жеткізген. Сауд Арабиясы бұл жайтты абсурдқа теңеді.

WhatsApp-ты сынап жүргендердің бірі – Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров. Оның айтуынша, WhatsApp қолданушының жазған хатын, файлдарын қорғамайды.

Павел Дуров ©Getty Images

"Биыл мамырда (2019 жыл - ред.) мен WhatsApp-тың осал тұстары анықталады деп болжам жасаған едім. Айтқанымдай, мессенджердің қауіпсіздігіндегі ақаулар бірінен соң бірі шыға бастады. Оның осал тұсын пайдаланып, хакерлер мен мемлекеттік мекемелер WhatsApp мессенджері бар кез келген адамның жеке мәліметіне қол жеткізе алады. Ол үшін хакерлер желі арқылы қолданушыға видео жіберуі керек.

WhatsApp сіздің әр жазған хатыңызды, суреттеріңіз бен видеоларыңызды қорғамайды. Жылдар өткеннен кейін жеке суреттеріңіз жария болмауы үшін WhatsApp-ты өшіріп тастауға кеңес беремін", - дейді Дуров.

Еске салайық, WhatsApp қолданушыларының саны 2017 жылы бір миллиардқа жеткен еді. 2009 жылы шыққан мессенджерді 2014 жылы Facebook компаниясы 19 миллиард долларға сатып алған.

Massaget.kz