- Негізгі бет
- Шолу
- Кез келген оператордың...
Кез келген оператордың арманы – Lily (видео)
Бүгінде ыңғайлы дрондар мыңдаған әуесқой оператордың көмекшісіне айналған. Ал кейбір инженерлер дрон құрылымын өздерінің жобаларына бейімдеп те жатыр. Калифорния университетінің студенттері жасаған Lily квадрокоптері өзге дрондарға қарағанда айтарлықтай артықшылықтарға ие. Ол тәуелсіз басқару құрылымымен жабдықталған, яғни басқару тетігін қажет етпейді.
Lily дроны ең бірінші дизайнымен ерекшеленеді. Сыртқы корпусына мән берер болсаңыз, оны Apple дизайнерлері жасаған деген ойға келуіңіз әбден мүмкін. Оның барлық бөлшегі минимализм өлшемінде жасалғаны көрініп тұр. Атап айтқанда, диаметрі – 26 сантиметр, ал биіктігі 8 сантиметрді құрап отыр. Ал қуат жинақтағышы екі сағатта толтырылып, 20 минут белсенді жұмыс істей алады. Әйткенмен де, болашақ инженерлер уақыт межесін көбейту үстінде еңбектеніп келеді.
Бір қызығы, Lily арнайы тетіктің көмегімен өз иесінің соңына ілесіп қозғала алады. Бағыттауыш тетікті қашықтан басқару құралы ретінде қолдануға да болады. Ал дронның негізгі миссиясы болатын видео түсіру сапасына тоқталар болсақ, мультикоптер 1080 пиксельде секундына 60 кадр жасай алса, 720 пиксель сапада секундына 120 кадр түсіреді. Ал камераның түсіру бұрышы 94 градусты қамтиды.
Lily әзірге 30 метр биіктікке дейін еркін көтеріледі. Сонымен қатар, қарапайым аңшы құстар сияқты адамның қолына қона алады. Ал IP67 қорғанысы дронның су бетіне қонуын қамтамасыз етеді екен.
Калифорниялық жаңа өнімге ресми сайты арқылы алдын ала тапсырыс бере аласыз. Тапсырыс бағасы 499 АҚШ долларын құрайды. Құрастырушылар Lily дронының 2016 жылдың ақпан айында жаппай сатылымға шығатынын айтады. Ал дрон құны сатылымға шыққаннан кейін 999 АҚШ долларына дейін көтерілмек.
Ұқсас жазбалар:
Хатты Францияда ұшатын аппараттар тасиды
Дрондар «Амстердам Арена» стадионында 3D-шоу көрсетеді
Ж. Өрісбай