Қазақша Википедиада жаңа бастамалар

Қазақша Википедиада жаңа бастамалар

Ғаламтордағы мемлекеттік тіл – қазақ тіліндегі мазмұнды дамыту мақсатында құрылған «WikiBilim» қоғамдық қорының қазақ википедиасын дамыту жоспары көптеген жобаларға, жаңа бастамаларға толы. Сондай бастаманың бірі – «ЖОО-мен байланыс» жобасы.

ЖОО-мен байланыс жасаудың басты мақсаты — студент жастар арасында еріктілік мәдениетін қалыптастыру, википедиаға мақала жазуды жастардың хоббиіне айналдыру және жастардың интернет-сауаттылығын арттыру, осы арқылы ғаламдық Википедиaның қазақтілді тарауын дамытып, интернет қолданушыларды сенімді әрі сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету. Сондай-ақ ҚР Премьер-министрінің орынбасары Е.Т. Орынбаевтың 2012 жылдың 11 сәуір күні бекіткен, № 15-5/05-318 – «Интернет желісіндегі қазақстандық контент сапасын арттыруға арналған іс-қимыл жоспарына» сәйкес, бұл жобаға оқу орындарының белсене араласуы маңызды әрі жұмыстың шапшаң жүруіне септігін тигізері сөзсіз.

Жоба қолға алынған сәттен бастап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Халықаралық IT университеті студенттерін «WikiBilim» қоғамдық қорының жетекшілігімен өндірістік тәжірибеден өткізуге мүмкіндік туды. Студенттерге ғаламдық Википедиа энциклопедиясына мақала жазудың қыр-сыры, пайдалану ережелері, мақсаттары мен техникалық мүмкіндіктері жайлы дәрістер, семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Нәтижесінде студенттер өз оқу орындары жайындағы танымдық-ақпараттық мәліметтерді интернет желісіне жүктеп, википедиядағы мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосып жүр.

Мұнымен қатар іс-тәжірибе барысында аталған университеттердің кітапханаларымен, баспасөз орталықтарымен, мұражайларымен тығыз қарым-қатынас орнату ісі жолға қойылды. Аталған шара бұдан да әрі өрістетіліп, Википедиа ашық энциклопедиясында еліміздегі жоғарғы оқу орындарының базасын құру ісі де жоспарлануда. Әрине, бұл бір күнде шешілетін шаруа емес. Ол үшін қазақ қоғамы мемлекеттік тіл алдындағы жауапкершілігін барынша сезінуі тиіс.

Сурет: wikipedia.org

Жолдаған: Ұлболсын Парманова

Р. Роза