- Негізгі бет
- Шолу
- Жаңа iPhone-ның үш...
Жаңа iPhone-ның үш түрлі моделі шығуы мүмкін
Apple 4 дюймді стандартты дизайнға қайта оралуы мүмкін. Бұл туралы осыған дейін де жазған болатынбыз. Бір айдан кейін таныстырылатын жаңа iPhone смартфоны үш түрлі модельмен шығуы мүмкін. Ал оның біреуі кіші дизайнға ие болады. Бұл туралы Эван Бласс есімді сарапшы өзінің Туиттердегі аккаунтында хабарлады.
Бұрын Engadget интернет басылымында еңбек еткен Эван Бласс есімді тәуелсіз техно сарапшысы Apple компаниясының смартфоны үш түрлі модельмен шығатыны туралы жазды. Айта кетелік, Эван (@evleaks аккаунты) – Apple инсайдерлерімен үнемі тығыз байланыста жүретін сарапшылардың бірі. Оның алдын ала мәлімдеген ақпараты кейіннен расталып жүр. Сол үшін де оны бүгінде 184 мыңнан астам адам оқиды.
Мұндай жаңарту мобильді қосымшаларын үлкен дисплейге бейімдеп жатқан бағдарламашылардың көңіл-күйін түсіріп жіберуі ықтимал. Сонымен қатар, америкалық сарапшының жазуынша, 4 дюймді смартфон iPhone 6s немесе iPhone 6s Plus емес, iPhone 6c болуы мүмкін. Айта кетсек, «с» сериясындағы модель әдеттегі смартфон құнынан біршама арзан болып, сапасы да біршама өзгешелікке ие.
Ескере кетсек, өткен жылы шығарылған iPhone 5с смартфоны сәтсіздікке ұшырап, аталған модель мүлде өндірістен алып тасталған болатын. Ал оның қайта құрастыруға берілуі туралы әзірге ешқандай ресми ақпарат берілген жоқ.
Ж. Өрісбай