- Негізгі бет
- Шолу
- iPhone 7s-тің үш...
iPhone 7s-тің үш жақты дисплейі болады
Apple – болашақты болжай алатын корпорация. Сол себепті бұл компанияның өнімдеріне сұраныс үнемі көп.
Әлемдік смартфондар нарығында үлкен дисплей трендке айналған кезде купертинолықтар асығыстық жасамай, күтумен болды. Apple өзінің фаблетін (үлкен дисплейлі смартфон) өткен жылы ғана нарыққа шығарды. Тим Кук командасы үш жақты экрандарға қатысты да дәл осындай позицияны ұстанып отыр.
АҚШ-тың Патенттеу бюросы соңғы тіркелген патенттер туралы ақпарат жариялады. Құжаттар ішінде Apple корпорациясына тиесілі 3 жақсы дисплей патенті бар. Ғаламтордағы бейресми ақпараттарға сенсек, үш жақты дисплей iPhone смартфондарының келесі моделінде қолданылуы мүмкін.
Apple кез келген патентін пайдаға асыра бермейді. Дегенмен мұндай дисплей технологиясы гаджеттер нарығында кезекті төңкеріс жасауы ықтимал. Сарапшылардың айтуынша, үш жақты экраны бар iPhone 2018 жылы құрастырылады.
Business Korea сарпатамалық агенттігінің берген мәліметіне сенсек, Samsung үш жақты дисплей технологиясын дамытуды әлдеқашан бастап кеткен. Жақында оңтүстіккорейлік компания OLED технологиясының көмегімен смартфондарға арналған Flex-дисплейдің тест нұсқасын шығармақ.
Патенттегі суреттерге мән берсек, кезекті жаңа iPhone экраны Galaxy S6 Edge флагманындағы дисплей секілді болады. Әйткенмен де, Apple өнімінің дизайны өзгеше болады.
Ж. Өрісбай