Apple иілгіш экраны бар iPhone жасауда

Apple иілгіш экраны бар iPhone жасауда

Соңғы кезде сәнге айналып келе жатқан иілгіш смартфондар тенденциясынан қалыспауды көздеген Apple компаниясы да жаңа қасиетке ие iPhone жасаумен айналысу үстінде екен. Бұл жөнінде Bloomberg агенттігі хабарлады.

Олардың жазуынша, «алмалы» компания өз қолданушыларына иілетін экраны бар екі бірдей өнімін 2014 жылдың ортасына қарай таныстыруды жоспарлап отырған көрінеді. Одан бөлек, әлемдегі ең бай брендке ие компания бұрынғы смартфондарының дисплейін оны басқанда саусақ күшін неғұрлым анығырақ танитындай етіп қайта жасақтамақ. Яғни болашақта құрылғы дисплейі басылған саусақтың күшіне қарай әртүрлі бұйрықтар қабылдауы мүмкін.

Сондай-ақ агенттік иілгіш экраны бар жаңа iPhone-ды осыған дейінгі Apple смартфондарының ішіндегі ең үлкені болатындығын да хабарлаg отыр. Алдын-ала болжам бойынша, жаңа құрылғылардағы дисплей өлшемдері 4,7 және 5,5 дюймды құрайтын болады. Әзірше смартфондардың басқа қасиеттері белгісіз. Ал осыған дейін біз сіздерге компанияның iPad Air атты планшеті мен басқа жаңа өнімдерін таныстырғандығы жөнінде айтқан болатынбыз.

Apple компаниясы иілгіш дисплейі бар смартфон шығарғалы отырған алғашқы компания емес, осыған дейін оңтүстік кореялық алпауыттар Samsung компаниясы 5,7-дюймды Galaxy Round аталған өнім және LG компаниясы G Flex смартфонын нарыққа шығарып қойған да еді. 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Cурет: appleInsider.ru

Б. Қосмағамбет