Apple жаңа өнімдерін таныстырды

Apple жаңа өнімдерін таныстырды

Кеше уәде еткеніміздей Apple компаниясының таныстырған жаңа өнімдерін сіздердің назарларыңызға ұсынбақпыз.  

Мамандар алдын-ала болжағандай, Apple бүгін түнде iPad планшетінің бесінші буыны iPad Air аталған гаджет және тағы бірнеше өнімдерін ресми түрде таныстырды. Тағы да бір жағымды жаңалық, компания енді жаңа MacBook компьютерлерінің бағасын біршама төмендетпек. Ал Apple-дің тұрақты қолданушылары өз құрылғыларындағы ОЖ-лерін тұңғыш рет жаңа Mavericks OS X 1.9 жүйесіне тегін ауыстыра алатын мүмкіндікке ие болып отыр.  Осылардан бөлек, макбуктердің жаңартылған түрлері мен жаңа Mac Pro жұмыс станциялары да сатылымға шықпақ.  

Енді таныстырылған өнімдердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтейік. Кештің басты жаңалығы iPad-тың бесінші буыны жаңа планшет iPad Air брендімен жарық көріпті. Бұл құрылғыны жиналғандарға Apple компаниясының маркетинг бойынша вице-президенті Фил Шиллер (Philip Schiller) алып шықты.

«Алмалы» планшеттің қалыңдығы 7,5 мм болса, салмағы 453 граммды құрайды (немесе бір фунтқа таяу). Салыстырмалы түрде айта кетсек, құрылғы iPad-тың бұрынғы моделіне қарағанда 1,5 миллиметрге жұқа және бір жарым есе жеңіл болып отыр. Ал экран айналасындағы жиектеме 43%-ға кішірейген.

Бір қарағанда, жаңа өнім үлкейтілген iPad mini планшетінің сыртқы бейнесінен айнымайды. Ал Apple өз пресс-релизінде оны «өте жұқа, жеңіл және қуатты» деп жазған еді.

Сонымен бірге iPad Air қолданушыларға 16, 32 және 64 ГБ жадтардан бөлек тұңғыш рет 128 ГБ борттық жад ұсынылып отыр.

Планшет жаңа A7 чипінің негізінде құрастырылған, 1080p видеосын көрсете алады. 5-мегапиксельді iSight камерасы мен екі микрофоны да бар. Ал бұл базалық модельге деген баға (Wi-Fi, 16 ГБ жадымен бірге) 499 долларды құраса, ұялы байланысы бар түрі  $629 тұрады.

Ұялы байланыс қызметінсіз 128 ГБ планшет АҚШ елінде 629 доллардан сатылса, толық құрамда оның бағасы $929 болады.

iPad Air Солтүстік Америкада 1 қарашадан бастап дүкенге шығарылады. Ал ТМД елдеріне ол қашан және қандай бағамен сатылатыны жөнінде ақпарат әзірге жоқ.    

Көпшілік күткен тағы да бір жаңалық Retina экраны бар iPad mini планшетінің нарыққа жол тартуы болды. Ол $399 тұрады.

Apple компаниясы бірнеше жаңа планшеттердің пайда болғанына қарамастан, сатылымдағы iPad mini мен iPad 2 құрылғыларын сақтап қалды. Алайда олар енді тек Wi-Fi сымсыз байланысын қолдайтын болады. Олардың бағалары сәйкесінше $299 және $399 құрады.

Енді бұл кеште таныстырылған кезекті өнім, үлкен өзгерістерге ұшыраған Mavericks OS X 1.9 операциондық жүйесіне келсек.

1

Фил Шиллер iPad планшетін таныстыру үстінде

Оның интерфейсінің дизайны осыдан бір ай бұрын iPhone мен iPad құрылғыларына қондырылған iOS7 ОЖ-не қатты ұқсайды.

Mavericks-ті таныстырған Apple компаниясының вице-президенті Крейга Федеригидің (Craig Federighi) сөзінше, жаңа жүйе компьютерлердің мүмкіндіктерін одан бетер арттырмақ. Мысалы, Mavericks жүйесімен жұмыс жасайтын 13 дюймды MacBook Air бұрынғысына қарағанда бір сағатқа дейін желіге қосылмай жұмыс жасай алады. Сондай-ақ жаңа операциондық жүйенің өнімділігі 1,8 есеге дейін артып отыр.

Ал ең қызығы компания Mavericks операциондық жүйесін «мактерге» тегін орнатылатындай етіп жасап, қолданушыларды бір қуантып тастады. Apple осыған дейін мұндай мүмкіндікті тек бір буындағы операциондық жүйелерге ғана берген болатын.

Егер өз компьютеріңізге OS X Mavericks жүйесін орнатамын десеңіз, қазірдің өзінде оған тікелей сілтеме бар. Компания хабарлағандай, жаңа жүйе (OS X Mavericks) бұрынғы OS X Mountain Lion орнатылған кез-келген компьютерге орнатылады.

2

Фил Шиллер жаңа MacBook Pro ноутбугін таныстыруда  

АҚШ жерінде осы айдың соңына қарай сатылымға шығатын жаңа MacBook Pro 13 бағасы $1299 құрап, басқаша айтқанда бұрынғы модельге қарағанда $200 арзанға сатылмақ.

Ал жаңартылған 15 дюймды Retina экраны бар MacBook Pro базалық жинақтамасымен $1999 құрап, ол да бұрынғы модельмен салыстырғанда 200 долларға арзандайтын болды.  

Бюджетті MacBook Air келер болсақ, оның 11 дюймдысы 999, ал 13 дюймдысы 1099 долларға сатылады.

Егер сатып алушы бірден компьютер, планшет және смартфон алар болса, онда Applе оған iLife көңіл көтеру бағдарламалары бар пакет пен iWork жұмыс бағдарламаларын тегін сыйлайды.  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: cnews.ru

Б. Қосмағамбет