- Негізгі бет
- Шолу
- Zhanuar 4D: Сиқырлы...
Zhanuar 4D: Сиқырлы карталар
Қазір кез келген заттың үш өлшемді нұсқасын жасау еш қиындық тудырмайды. Кино, мультипликация, жарнамалық роликтер, ойын жасау және түрлі презентациялар жасаудан бастап, сәулет өнері мен инжинерияда 3D модельдеудің сан қырлы түрлері жаңа жетістіктерге жетіп жатыр. Ал оның танымдық, тәрбиелік мақсатта жасалған өнертабыстары бар ма? Әлбетте! "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы жарияланғалы бері, адамдардың өмір салтында ақпараттық-байланыс, танымдық технологиялардың белсенді қолданылуы үшін түрлі жобалар іске асып жатыр.
Мамыр айында "Zhanuar 4D" атты қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде қатар сөйлейтін бағдарлама жарыққа шықты. Бағдарлама 23 түрлі жануар бейнеленген сиқырлы карталар арқылы жұмыс істейді. Жоба ұйымдастырушысы, ARAlem.kz командасының жетекшісі Арман Усуповтан тың дүниені командасымен бірігіп қалай жасақтап шыққанын, карталар жайында сұраған едік.
- Аты-жөнім – Арман Усупов, Ақмола облысының тумасымын, Астанадағы қазақ-түрік лицейінің түлегімін. Шет елде білім алып, биолог мамандығын меңгеріп шықтым. Елге оралған соң, сауда саласында еңбек етіп жүрдім, бірақ жұмысымнан ешқандай ләззат ала алмадым. Ал менің бала кезден армандаған ісім – мультфильм жасау. Содан жұмысымды тастадым да, мультипликацияға қатысты дүниенің бәрін, 3D-анимацияны үйрене бастадым. Содан бері 5 жыл өтті. Әлі күнге дейін осы салада еңбек етіп келемін. Түрлі коммерциялық жобаларда мультипликация жасап келемін. Қазір көпке танылған "Ангел Бэби", "Ми-ми-мишки" мультфильмдерін жасауға атсалыстым, - деді.
Арман Усупов, 2D, 3D аниматор
Бақытжан Шәбдікәрім, 3D моделін жасақтаушы
- Сиқырлы карталар жасау идеясын осыдан 6 ай бұрын ойластырғанбыз. Оны дамыта келе ARAlem.kz командасы болып іске кірісіп кеттік. Команда 4 адамнан құралған. Жобаның менеджері – Нұрсұлтан Әжімұратов, IT жасақтаушы – Нұрбек Молдағалиев, 3D моделін жасайтын – Бақытжан Шәбдікәрім және мен, - дейді Арман Усупов. Арманның өзі - 2D, 3D аниматор.
Нұрсұлтан Әжімұратов, жоба менеджері
Нұрбек Молдағалиев, IT жасақтаушы
- Zhanuar 4D бағдарламасы мен карталар AR (augmented reality) технологиясымен, яғни қосалқы шынайылық негізінде жасалған. Дайын SDK қорын алып, оған өзіміздің 3D модельдерімізді енгіземіз. Кейін дайын болған бағдарламаны AppStore, PlayMarket дүкендеріне орналастырамыз. Оны жүктеу тегін, барлығына қолжетімді. Ал әр карталар жинағында өз жеке коды бар, онсыз карталар жұмыс істемейді. Жинақ тек бір смартфонда ғана жұмыс істейді, оны өзге смартфонмен көру үшін алдында орнатылған кодты смартфоннан ажыратып өшіру керек.
Сиқырлы карталармен әлі де жұмыс істеп жатырмыз, бұдан өзге ғарыш тақырыбындағы карталарды дайындау үстіндеміз, одан өзге бірнеше үлкен жоспарларымыз бар, - дейді Арман.
Massaget.kz порталы тұрақты "Техно шолу" айдары негізінде "Zhanuar 4D" карталарына шағын шолу жасап шықты. 3D модельдеудің тың туындысына көзайым болыңыздар.