- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- Lion Air компаниясының...
Lion Air компаниясының ұшағы не себепті апатқа ұшырағаны анықталды
Индонезия мамандары Lion Air компаниясына тиесілі Boeing 737 Max 8 ұшағының 2018 жылдың қараша айында әуе апатына ұшырау себебін анықтады. Олардың пікірінше, лайнерді құрастыру кезінде жіберілген қателіктер мен қадағалаудың дұрыс болмауынан ұшақ апатқа ұшыраған.
Өткен жылдың 29 қараша күні индонезиялық Lion Air компаниясына тиесілі болған Boeing 737 Max 8 ұшағы Джакарта қаласынан Суматраның маңындағы аралға бет алған. Әуе көтерілгеннен соң 13 минуттан кейін ұшақ Батыс Ява теңізіне құлаған.
Көлік қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық комитеттің өкілдері Boeing корпорациясының инженерлері және АҚШ-тың федералды авиация әкімшілігімен бірге әуе апатының себебін анықтаған. Зерттеуге сәйкес, лайнердің құлауына оны құрастыру кезінде жіберілген қателіктер мен одан кейінгі қолдану кезіндегі бақылаудың төмен болуы себеп болған. Сондай-ақ техникалық қызмет көрсетудің сапасыз болуы және пилоттың қателігі де ұшақтың құлауына әкеп соқтырған. Дегенмен The Wall Street Journal басылымы нақты қорытынды әлі шықпағанын мәлімдеді. Ресми ақпарат қазан айында ел назарына ұсынылады.
Әуе апаты қаншалықты жиі болады?
Бұған дейін АҚШ-тың федералды азаматтық авиация басқармасы 2018 жылдың қарашасында апатқа ұшыраған Boeing 737 MAX ұшағын зерттеу барысында сұмдық жайттың басын ашқан болатын. Зерттеу кезінде аталмыш ұшақтарда бірқатар ақау бар екені анықталды. Осыған ұқсас 246 ұшақта автоматтың жұмысы істен шығуы мүмкін екені хабарланды. Boeing сарапшылары мен құзырлы органдардың өкілдері ақау ұшақтың тұмсық бөлігінің иілуіне әкелетінін және мұндай кезде ұшақтың басқаруға көнбейтінін анықтады. Қарапайым тілмен айтқанда, ұшу барысында ұшақ өз еркімен шешім қабылдауы мүмкін. Лайнердің ақауы ұшуға бет алғанда не биіктік алғанда байқалады. Осы себепті Малайзия мен Эфиопиядағы ұшақтар жерден ажырағаннан соң көп уақыт өтпей құлаған.
Индонезиядағы әуе апатының салдарынан ұшақтағы 189 жолаушы қайтыс болған еді. Ал биыл наурыз айында Ethiopian Airlines компаниясына тиесілі болған дәл осындай ұшақ Эфиопияның Дэбрэ-Зэйт қаласының маңында құлады. Осыдан кейін әлемнің 20-дан астам мемлекеті өз аумағында Boeing 737 Max 8 ұшуына тыйым салған болатын.