Apple арызының күшін жойды

Ұзақ уақыт жалғасқан екі техникалық алпауыт компанияның дауы шешім табу алдында. Алауыз, қырғиқабақтық қатынаспен өмір сүріп келе жатқан Apple және Samsung компаниялары енді достық қарым-қатынас орнатпақ.

Бұл дау сірә қайдан басталып еді. О баста Apple компаниясының дәурені жүріп тұрды. Жалпы қазіргі техниканың үздік үлгілері тек осы компанияда болды десек, әрине жаңсақ айтқан болмаймыз. Бірақ, 2010 жылы Samsung компаниясы өзінің Galaxy S телефонын жариялады. Бұл өнім Стив Джобстың шамына тие бастады. Шындығында да Samsung компаниясының бұл жаңа техникасы жоба, құрылым, ерекшелік жағынан iPhone телефондарына қатты ұқсайтын еді. Дегенмен сабырлы Стив Джобс Samsung компаниясының бұл жоба түрін өзгерту керектігін айтып, айыптаған болатын. Арада бір жыл өтер-өтпестен Apple компаниясының iPad өнімінен аумайтын Samsung Galaxy Tab жарық көрді. Бұл Apple компаниясының онсыз да сыздап тұрған жарасына ине шаншығандай әсер етті. Сонымен 2011 жылы сәуірде Стив Джобс Samsung компаниясының үстінен халықаралық сотқа арыз берді. Samsung 100 миллион АҚШ доллары айыппұл төлеп құтылғанымен, осы түрдегі өнімдерді шығаруды күні бүгінге дейін тоқтатқан жоқ.

Samsung өнімдерінің Apple компаниясына тигізген әсері аз бола қойған жоқ. Көптеген тұтынушылардың аңсары Samsung жаққа ауа бастады. Одан кейінгі бірнеше дау Apple жетерлік дәлел көрсете алмағандықтан, аяқсыз қалып жатты. Сауда саласында ауыр қиыншылыққа душар болды. Samsung келісім-шартқа отырған халықаралық компаниялар уәдесінен тайқып шыға келді.

Осындай сәттерде енді келісімге келмеуге де амал жоқ секілді еді. Оның үстіне Samsung компаниясы зерттеуге істетілетін біраз материалдарды Apple компаниясынан сатып алып отырады. 2011 жылы Samsung 8 миллиард қаржы жұмсап Apple компаниясынан қажетті материалдар сатып алған. Бұл жағына келгенде екі компанияның ежелден-ақ сауда қарым-қатынасы жақсы.

Стив Джобс және оның ізбасары Тим Кук

Apple компаниясының құрушысы «Техника пірі» атанған Стив Джобс өмірінің соңғы кезінде басталған бұл дауды ізбасары Тим Куктің қолымен шешуге бет бұрып келді. Енді екі компания бірігіп әрекет етпек. 

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: baidu.com