Түркістан облысында мыңнан аса тұрғын үй заңсыз салынған

Түркістан облысында мыңнан аса тұрғын үй заңсыз салынған
Фото: видеодан алынған кадр

Түркістан облысында тұрғындар құжаты болмаса да, қалаған жеріне үй салып жатыр. Бұл туралы жергілікті билік өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Qazaqstan.tv.

Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округінде мыңнан астам тұрғын үй құжатсыз салынған, оның тек 28-і ресми рәсімделген. Заңсыз құрылыс кейінгі жылдары екі есе өскен. 

Ауыл әкімінің сөзінше, тұрғындар заң алдындағы жауапкершілікті елеп жатқан жоқ. Олар бір түн ішінде үйдің іргетасын құйып, кірпішін қалап үлгереді екен.

"Жергілікті халық мұның заңсыз екенін жақсы біледі, бірақ баспана тұрғызуды тоқтатар емес. Біз олармен арпалысып үлгермей жатырмыз", - дейді Қарабұлақ ауылының әкімі Камилжон Абдилахатов.

Қарабұлақ ауыл округінде 7 мыңнан астам адам жердің кезегінде тұр. Кейінгі он жылдан бері ешкімге жер телімі берілмеген. 

М. Жәмішжанов