Қостанай облысында шенеуніктер заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан

Қостанай облысында шенеуніктер заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан

Қостанай облысында заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан шенеуніктер анықталды, - деп хабарлайды "Алау" басылымы.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті өңірде бас есепшіден, бөлім басшыларына дейін әртүрлі лауазымдарда жұмыс істейтін шенеуніктер заңсыз жеке кәсіпкерлікпен айналысатынын анықтаған.

"Мәселен, облыстық тілдерді оқыту орталықтарының бірінің директоры мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғаларға теңестірілген тұлға бола отырып, мемлекеттік органдармен және ұйымдармен жалпы сомасы 1,9 миллион теңгеден аса сомаға 14 мемлекеттік сатып алу шартын жасасқан. Сот қаулысымен басшыға 428 820 теңге көлемінде айыппұл салынды", - деп хабарлайды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.

Департамент биыл 5 айда 6 тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартып, 4,5 миллион теңгеден аса сомаға айыппұл салған.

Басқарма қызметкерлерінің айтуынша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу сияқты қолданыстағы профилактикалық құралдар аясында ұқсас бұзушылықтарды анықтау жұмыстары жалғасады.

Г. Досымшалова