Microsoft-тың жаңа платформасы компания сенімін ақтады

Microsoft-тың жаңа платформасы компания сенімін ақтады
Фото: www.kitguru.net

Microsoft корпорациясының екі жыл бұрынғы сәтсіздігінен (Windows 8) кейін оның нарықтағы жағдайы бүгінде әлдеқайда жақсарған. Күн өткен сайын Windows 10 операциялық жүйесі қолданушылар арасында танымал болып келе жатыр. Winbeta ресурсының ақпаратына орай, бүгінге дейін Windows 10 платформасы 120 миллион құрылғыға орнатылып үлгерген.

Қолданушылар саны қазіргіден де жылдам өсуі мүмкін. Threshold 2 атауымен шыққан Windows 10 платформасының кезекті нұсқасы 10 қарашада таныстырылады. Сонымен қатар, 12 қараша күні Xbox One ойын консолының жаңа нұсқасы нарыққа шығады. Сәйкесінше Xbox One жаңа Windows 10 операциялық жүйесі функцияларының қатарынан орын алады.

Естеріңізге сала кетсек, Microsoft корпорациясының платформасын дамытушы бөлімінің басшысы Терри Майерсон (Terry Myerson) алдағы екі жылда Windows 10 қолданушылары 1 миллиардтан асатынын болжаған еді. Компанияның қазіргі көрсеткішін ескерсек, Терридің болжамының жүзеге асатынына сеніммен қарауға болады.

Ж. Өрісбай