Award.kz Ұлттық интернет-жүлдесінде кімдер жеңімпаз атанды?

Award.kz Ұлттық интернет-жүлдесінде кімдер жеңімпаз атанды?

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Award.kz Ұлттық интернет-жүлдесінде Massaget.kz порталы мемлекеттік тілдегі сайттар арасынан үздік деп танылса, екінші орын Kinostan.kz сайтына, ал  үшінші орын «Алаш Айнасы» қазақ тіліндегі күнделікті газетінің онлайн-нұсқасына бұйырды. Енді кейбір номинациялар бойынша қай сайттардың бағы жанғандығына тоқталсақ. 

«Масс-медиа» және «Маркетингтік потенциал» номинациялары бойынша қос жүлдені де Tengrinews.kz ақпараттық порталы қанжығасына байлады. Одан бөлек, Tengrinews.kz порталы Award.kz Ұлттық интернет-жүлдесінің Гран-приіне де ие болып, Қазнеттің қазіргі таңдағы ең үздік сайты атанды.

Айта кетейік, Tengrinews.kz ақпараттық порталы осымен үшінші жыл қатарынан Award.kz Ұлттық интернет-жүлдесінің Гран-приіне ие болып және «Масс-медиа» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып отыр. Бұл ресурс 2012 жылы "онжылдықтың үздік сайты" атанған болатын.

«Дене шынықтыру және спорт, медицина және денсаулық, саяхат және демалу» номинациясы бойынша Vesti.kz ақпараттық-спорттық сайты топ жарды. Екінші орын Kiku Matsuri (Kikumatsuri.kz) жапон мейрамханасының порталына бұйырды. Ал үштікті Sports.kz порталы қорытындылады.

Ал ең қызықты номинацияларлың бірі Қазнеттегі «Жыл адамына» "Kaspi Bank" АҚ басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе лайық деп танылды. 

Massaget.kz порталы жүлдегер сайттардың барлығын да шын жүректен құттықтап, жұмыстарына табыс тілейді. Сондай-ақ порталдың осындай ірі жеңіске қол жеткізуіне бірден бір себепкер - өз қолданушыларымызға шексіз алғысымызды айтамыз.    

Б. Қосмағамбет