- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Үй жинауға неліктен...
Үй жинауға неліктен қиналамыз?
Мүмкіндігі келгенше әркім өз үйінің жанға жайлы, жинақы, таза болғанын қалайды.
Себебі үй – біздің баспанамыз. Шаршап-шалдығып, қайғырып-қамығып келгенде сырт көзден жасырынып, демалатын орнымыз. Ал үйдің іші шаң-тозаңға көміліп, заттар шашылып, ыбырсып жатса, одан бетер қажытады. Бірте-бірте депрессияға әкелуі ықтимал.
Жалпы үйдің иесі қандай болса, үйі де сондай. Кейбір үй жанға жайлы жылылық сыйласа, кейбірі керісінше әсер береді. Мысалы, кейбір үйге кірсеңіз, еңсеңізді зіл басып, қашып шыққыңыз келеді. Бұл үйде жиі ұрыс-керіс немесе жылдап жиналған ескі заттар көп болуы ықтимал.
Әйел адамның қолы үйге жан береді. «Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады» деген қазақтың мақалы бекер емес.
Алайда кей қыз-келіншектердің үй жинауға зауқы соқпайды. Неліктен?
Біріншіден, анасы сабағын оқуға кедергі болады деп үйретпеген шығар. Қыз баланы кішкентай кезінен бастап ұрыспай, орынсыз кінәламай, дұрыстап түсіндіріп, біртіндеп баулыған абзал.
Екіншіден, әйел жұмысбасты болып, қолы тимеуі мүмкін. Олар көбіне арнайы үй тазалаумен айналысатын клининг компаниясының мамандарын шақыртып жатады. Бұл да бір тәсіл. Дегенмен әрбір затты, жиһазды қолыңызбен сипап, өз ықылас-ниетіңізбен тазартпағасын, қанша таза болғанымен, жанға жылуы жоқ қонақүйге ұқсауы ғажап емес. «Туған үйдің түтіні жылы, туған ананың күтімі жылы» деген осындайдан қалған болар.
Қазіргі кезде үйді жуып-тазалайтын құралдардың, шүберектердің линолеум, ламинат, паркет едендерге арналған неше түрі шықты. Осы аталған құралдардың біріне кәдімгі ас не теңіз тұзын қосып жусаңыз, үйіңіздің аурасы да тазарып, жаңаша бір кейіпке енеді. Қазір қыс айы. Кілемдерді үйіңіздегі жігіттер далаға шығарып, қармен тазалап, қағып-сілкіп алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Weekend күндерін тек тынығуға арнағысы келген қыз-келіншектер сайтымызда бұрын айтылған fly lady тәсілін қолдануына болады.
Әйел заты үйдің берекесі, шам-шырағы екенін ұмытпағайсыз!
Сурет: womanswoman.ru
Оқи отырыңыз:
Күнімізді жоспарлауға көмектесетін 4 ереже
Өміріңізді жеңілдеткіңіз келсе
Киімге түскен дақты кетіру жолдары
Бөлмеңізден хош иістің шығып тұрғанын қаласаңыз
Ф. Абилова