- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Неке жүзігін оң...
Неке жүзігін оң немесе сол қолға тағудың сыры
Жас жұбайлардың неке жүзігін тағу салты ертеден басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Тарихына үңілсек мұндай салт ерте заманда сонау Мысыр елінде пайда болған деседі. Дегенмен бүгінде неке жүзігін әр ұлт өз танымына қарай, әрқилы тағады. Бірі – оң қолына, бірі – сол қолына. Мұның сыры неде екен?
Жүзікті аты жоқ саусаққа (қазақ танымындағы шылдыр шүмек) тағу – ежелде римдіктер мен мысырлықтардан басталған. Олар осы саусақта жүрекпен тікелей байланысты жүйке мен вена қантамырлары барын білген. Сол арқылы жастардың отбасы құрғанын, тұрмысқа шыққан-шықпағанын білетін болған.
Неке жүзігін оң қолға (аты жоқ саусақ) тағуды ежелгі римдіктер қолдаған. Олардың танымында сол қол бақытсыздық пен сенімсіздік нышаны саналған. Үндістанда да ертеректе неке жүзігін тек оң қолға тағатын болған. Сол қолды олар «таза» деп санаймайды екен. Ал бүгінде олар оң қолға да, сол қолға да таға береді.
Германия мен Нидерланд елдерінде ғашықтар неке жүзігін алтыннан жасайды. Шаңырақ көтергенше сол қолына, отбасы болғаннан кейін оң қолына тағады. Бұл – олардың әлеуметтік мәртебесі өзгергенін аңғартады.
Еуропа елдеріндегі салт бойынша күйеуі неке жүзігін әйелінің оң қолындағы аты жоқ саусаққа тағады. Сол қолдың саусағына тағатын елдер де бар.
Норвегия, Дания, Австрия, Польша, Болгария, Ресей, Португалия, Испания және Бельгия (белгілі бір аймақтарында), Грузия, Сербия, Украина, Грекия, Латвия, Венгрия, Колумбия, Куба, Перу, Венесуэла елдерінде жұбайлар неке жүзігін оң қолына тағады. Біздің елде де осы салт бойынша тағылады.
Неке жүзігін сол қолдың саусағына тағу кейініректе пайда болған. Кейінірек болғанда ХVIII ғасырдың басына дейін жер бетіндегі халықтардың көпшілігі оң қолына тағып келген. 1869 жылы жарияланған бір мақалада неке жүзігін сол қолға тағу – инабаттылық пен махаббатқа деген сенімнің айнасы деп бағаланған. Ал ол кезде ер адамдар неке жүзігін тақпаған.
Ливан, Түркия, Сирия мен Бразилия елдерінде ғашықтар отбасы болғанша жүзікті оң қолдарына, шаңырақ көтергеннен кейін сол қолдарына ауыстырып тағады.
Аустралия, Канада, Мысыр, Ботсвана, Ирландия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка елдері, Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Италия, Швеция, Финляндия, Чехия, Швейцария, Румыния, Словения, Словакия, Хорватия және көптеген Азия елдерінде жас жұбайлар неке жүзігін сол қолдарына тағады.
Неке жүзігін тағуда Шри-Ланка елінің салты басқа. Оларда отағасы оң қолына, әйелі сол қолына тағады.
Неке жүзігін сол қолына тағатын елдерде күйеуі не әйелі дүниеден озған жағдайда жүзікті оң қолына ауыстырады. Олардың танымында бұл махаббатқа деген беріктікті білдіреді.
Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін ер адамдар неке жүзігін тақпаған деген деректер де бар. Соғыс кезінде жауынгерлер отбасы мен жарын еске алу үшін, олардан естелік дүние ретінде жүзік таққан.
Кей елдерде неке жүзігін қай қолға тақса да, салтқа қайшы саналмайды. Солақайлар жүзіктің сырылып, әрін кетіріп алмау үшін оң қолға тағатын себептері де бар екен.
О. Сансызбай