- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Қалыңмал – қыздың...
Қалыңмал – қыздың құны емес
– Сонда қызды қалыңмал мен жыртысқа сата ма? - деймін тағы сөзге қыстырылып.
– Әй, балам-ай, адамның бағасын малмен, затпен өлшеуші ме еді?! Құдай тағаланың құдіретімен өмірге перзент әкеліп, түн ұйқыңды төрт бөліп бесік тербетіп, ананың ақ сүті мен әкенің адал күшін жұмсап, бағып-қағып тәрбиелеп өсіру деген қара шашыңа ақ түсірер қыруар еңбек емес пе?! Бейнетіңнің бәрін көріп, дап-дайын адам етіп үлбіретіп, үкілеп әлпештеген балаңды біреудің қолына ұстата салу оңай дейсің бе? Қалыңмал – қыздың құны емес, ата-ананың төккен тер, еткен еңбегінің мыңнан біріне арналған көңіл демейтін сый ғана. Ал киіт, жыртыс, ілу дегендер – дүние емес, ол ешкімге дәулет болмайды, әншейін арадағы қарым-қатынасқа дәнекер, жақындық жолы. Қызына қалыңмал алып, шекесі шылқып байыған қазақты көргенім жоқ. Қайта қыздың дүниесін түгендеп, отаулап, қалыңмалдан асырып, жасау-жабдық беретін. Қазақ қызға еншіге жер бермейді, ал мал-мүлік, дүниені аямайды. «Жасаусыз келін» атанбас үшін қазақ қыздың жасауына зор мән береді. «Алты жастан жинаса асады, жеті жастан жинаса жетеді» деп жасауды ерте кезден қамдайды. Ата-ана жақсы дүниесін, асыл бұйымын қызға сақтайды. Қыз оймақ ұстап, іс тігуге үйренген кезден бастап отауға қажетті заттардың бір парасын өзіне істетеді. Түскиіз, аяққап, төсекжапқыш, киімжапқыш, кестелі сүлгі секілді нәрселерді әсемдеп, өрнектеу қыздардың міндеті болған. Әсіресе келін болып түскенде киетін ақ көйлекті кестелеу қыздардың бұлжымайтын бір міндетіндей еді. Қыздар көйлектерін бірін-бірі қайталамайтын айшықты нақыштармен сәндеуші еді.
– Е-е-е, ол кезде де тойда ақ көйлек киген екен ғой, - деймін тағы сөзді бөліп.
– Қыз ұзату тойында қыздар қызыл, қырмызы көйлек киеді. Әке ауылынан ұзатылып, аттанарда қызыл көйлегін үйіне қалдырып, кестелі ақ көйлегін киеді. Әке үйінің оң жағындағы қыз дәуренмен қоштасудың бір белгісі осылай болады. Ал келін болып түскен соң, «некеқияр», «беташар» мен «отқа май құяр» рәсімдері жасаларда ақ некенің белгісіндей ақ көйлекпен тұрады.
Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабынан
Ұқсас жазбалар:
@. @assel_assanova