«Жақсы әйел ерін төрге сүйрейді»

«Жақсы әйел ерін төрге сүйрейді»
Фото: Алексей Балышев, Абзал Шомитов

«Махаббат деген не?» деген сұраққа ерлер мен әйелдер қауымы әртүрлі жауап берер еді. Қыз-келіншектер: «Махаббат дегеніміз – ердің назары мен қамқорлығы» десе, ерлер махаббатты басқаша түсінетінін айтар еді. Ер адамға махаббаттан, сүйіктісінен не қажет?

Қабылдау

Ерлерге қамқорлық пен назардың көп болуы аса қажет емес. Ондай қарым-қатынасты олар «ана мен баласының» қарым-қатынасына теңейді. Ер адам сүйіктісінің оны өзгертуге ұмтылмай, «қалай бар, солай қабылдауын» күтеді. Расында, көптеген қыз ерінің мінезін, өмір сүру салтын, әдет-қылықтарын, қызығушылығын, тіпті киім киісін де өзгертуге тырысады. Егер сыңары оны барымен қабылдап, өзінің ыңғайына бейімдеуге ұмтылмайтын болса, нағыз махаббат деп соны атайды.

Сену

Сенім жайлы біз талай рет жазған едік. Әйел заты еріне сенуі керек. Егер, тіпті, оның жақын достары, ата-анасы не өзі өзіне сенбейтін болса да, сүйіктісі ештеңеге қарамастан сене білуі қажет. Ерінің үлкен жетістіктерге жетіп, отбасына қамқор бола алатынына, қиын мәселенің шешімін таба алатынына сенуі керек. Керек емес кезде кеңес беріп, мәселені шешуге тырыспаңыз. Иә, мүмкін сіздің ойыңыз дұрыс болар, мүмкін сіздің кеңесіңіз пайдалы шығар, не дегенмен, өз пікіріңізді ашық түрде емес, астарлап санасына жеткізіңіз. Оған сеніңіз. Дәл қазір қолында ештеңе болмаса да, бірер жылдан соң үлкен табысқа жете алатынына сеніңіз. Өзгелердің қолынан келмейтін нәрселерді бағындыратынына сеніңіз.

Ең табысты адамдардың көбі әйелінсіз мұндай жағдайға жете алуы әлдеқайда қиын болатынын айтады. Қиын қыстаудағы әйелінің жылы жүзі мен жұбатқан сөздерінің арқасында мүмкін емес деген нәрселерге жетіп, биік шыңға өрмелеп, шыққанын мойындап жатады. Бұл орайда біз Мишель Обамаға күйеуінің: «Егер сен басқа адаммен тұрмыс құрғанда, кімнің әйелі болар едің?» деп сұрағандағы Мишельдің: «Президенттің әйелі болар едім» деген жауабын еске түсірейік. Расымен, ер адамның табысы не дәрменсіздігі әйелінің сенімі мен ол жайлы пікіріне байланысты.

Қолдау

Ер адам әйелінің қолдауын үнемі сезеді. Егер әйелі киген киімін, қабылдаған шешімін, біреумен дауласқандағы ұстанымын қолдамаса, «мені сүймейді» деген ой түйетіні анық. Сыңарын қолдамаған әйелге ол енді қалай сенеді? Қалай онымен кеңеседі? Сыңарыңыз қабылдаған шешімді «Жақсылап ойландың ба? Сенімдісің бе? Онда алға!» деп қолдауыңыз керек. Шешіміне сеніп, пікірін қолдайтын әйелден ері ешқашан кетпейді. Мінезі қандай болса да, әйелін алтынға теңеп, даналығын сыйлап, кеңесіп, пікіріне сенеді. Өзінің ең жақын әрі адал досы деп санайды.

Осы үш қағиданы ұстанған әйел жарының мәңгілік махаббаты мен сүйіспеншілігіне бөленеді. Бақытты болыңыз!

Ф. Абилова