- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Бөлме гүлдері: Бонсай...
Бөлме гүлдері: Бонсай ағашы
Үйде ағаш өсіру мәдениеті сәнге айналуда. Үй жадайында өсірілетін ағаштардың бірі — бонсай. Ағашқа ұқсайтын фикус секілді өсімдікке қарағанда, бонсай жасанды ортада өсетін нағыз ағаш. Бонсай өсіру — шығыс мәдениетінің бір түрі. Бұрын оны өсіру тек жапон білгірлерінің қолынан ғана келетін, ал қазір мұндай біріктіру әдісі әркімге қолжетімді.
Бонсай туралы жалпы мағлұмат
Қараған, қарағай және солар секілді ағаш өсімдіктерін қарапайым ыдыста өсіруді ежелде будда монахтары ойлап тапқан. Ол кезде олар үйлерін безендіру мақсатында өсірмеген. Монахтар табиғат дамуының заңдарын зерттеп, олармен үндестікте болудың әдістерін іздеген. Олардың ісі жапон қоғамын құрайтын қарапайым халықты да қызықтырып, нәтижесінде қазір кез келген ғимараттан шағын әдемі ағаштарды көре аламыз. Бонсай интерьердің бір бөлігіне айналғанымен, шынайы функцияларын жоғалтқан жоқ. Бұл өсімдікті өсірген әр адам санадан тыс табиғатпен өзара қатынасқа түсіп, үйлесімді байланыс орнатады екен. «Bonsai» термині «ыдыста өсетін ағаш» деген мағынаны білдіреді.
Бонсайдың өсуіне әсер етеін факторлар
Жарық. Үйде бонсайға орын табудан бұрын сол ағаш түрінің қандай табиғат шартында өсетінін біліп алу керек. Қажетті мағлұмат алған соң бонсайды қай жерге қоятыныңыз жеңіл шешіледі. Алайда жалпы шартта бар: өсімдікке жарық шығыс немесе батыс жақтан түсуі керек. Батыс терезеге өсімдікті оң жағымен, шығыс терезеге сәйкесінше, сол жағымен орналастыру қажет. Жылы мерзімде бонсайды айына екі рет 180 градусқа бұрып тұрыңыз. Бонсайға қосымша жарық түсіру үшін өсімдіктен 50 см ұзын жасанды шам алу қажет болуы мүмкін.
Жылулық режим. Өсімдіктің қандай түрі болса да жаз мезгілінде бөлмеге таза ауа кіргізіп тұрған жөн немесе бонсайды балконға (бақшаға) шығарып тұрыңыз. Қыста бонсайды қатты жылытылмаған балконда ұстасаңыз болады.
Ауа ылғалдылығы. Бонсай тұрған бөлмеде ауа ылғалдылығын жоғары деңгейде ұстап тұру керек. Ол үшін бонсайға аптасына екі рет бөлме температурасындағы су шашып тұрыңыз. Бонсайға сулы жылытқыш жасауға болады. Ол үшін шұңғыл ыдысқа мүк, керамзит, өзен топырағын салып, сумен толтырыңыз. Содан соң бонсай мен сұйықтық арасында бос орын қалатындай етіп орналастыру керек.
Топырақ пен ыдыс. Ағашты топырақ қоспасы толтырылған жайпақ ыдысқа отырғызады. Оның құрамына жертезек, құм, көн араласқан бақша топырағы кіреді. Барлық құрамдастарды бірдей мөлшерде алады.
Жалғасы бар...
А. Жапатова