Бесікті пайдалану мәдениеті жайлы Мағжан Жұмабаевтың пікірі

Бесікті пайдалану мәдениеті жайлы Мағжан Жұмабаевтың пікірі
Фото: bestvuz.kz

Бесіктің неше түрі, олардың құрылысы мен жабдықтары өз алдына үлкен бір тақырып. Біз осы ретте бүгінгі қазақ әйеліне бесік керек пе, жоқ па? Керек болса, не мақсатта? Ол баланы тезірек ұйықтатып тастаудың ғана құралы ма? Кеуде ұрып: «қазақ пен бесік бір туған» деген құр пафосты қоя тұрып, нақты ғылым көзімен қарап, тіршілігімізде орын алып жатқан бірқатар сауалдарға жауап іздеп көрсек дейміз. Бұл ретте қазақтың талантты ақыны, бала тәрбиесі ісінде құнды жазбалар қалдырған Мағжан Жұмабайұлының «Педагогика» атты еңбегіне сүйеніп, бесік турасында айтқан пікірін ұсынып отырмыз.

Емханаға барып жүрген ата-аналар біледі, қазір дәрігерлер сәбиді бесікке бөлемей, аяқ-қолын бос қоюға кеңес береді. Бала еркін болса, денесін ерікті түрде қозғалтып, жаттығып жатады. Ал бесіктегі бала таңулы күйде болғаны себепті қозғалу, керіліп бой жазу процесінен айырылады. Ол өз кезегінде қанның тиянақты түрде айналмай, тамырлардың зақымданып, миға ауа жетпей қалуына әкеліп соғады деп түсіндіреді. Яғни баланы бесікке қысып байлап тастау – дұрыс емес. Мағжанның пікіріне назар салайықшы:

«Қазақ бесігі – аса ұсталықпен жасалған нәрсе. Жөргегі, тартпалары, астындағы тесігі, шүмегі, түбегімен баланың таза, жинақ жатуына көп себепші. Бірақ әңгіме мұнда, осы бесікке баланы қалай бөлеу керек. Қазақ қатыны баланы жөргекке орап, бесікке екі жерден кеудеден бір, аяқ үстінен бір тас қылып таңып тастайды. Бұлай таңып тастау, әрине, балаға зиянды. Баланы бесікке бөлейтін болсақ, осы зияннан қалай құтыламыз?

Маған мынадай бір ой келді, баланы екі жерден қысып, қан жүруіне кесел қылмас үшін, тартпаны кеңейту жолын қарастыру керек. Менің ойымша тартпаны екеу қылмай, біреу қылсақ. Біреу қылғанда, баланың мойнынан аяғына жететіндей қылсақ. Енді тартпа демей-ақ жабу дейік. Жабу бесіктің бір жағына, айталық, 6-7 баумен байланған болса, баланы жөргегімен орап, төсегіне салып, әлгі жабуды жаппай жауып, бесіктің екінші жағынан алып келіп, тағы 6-7 баумен байласақ. Міне, осындай жабумен таңылса, аса зиянды болмас еді».

Ақын ары қарай бесікті тербету мәселесіне ойысады: «Күн батып барады. Үй іші қара көлеңке. Қыс болса, сасық үңгірдің ішінде терезе аталған тесіктерден суық жел азынап кіріп, аш аңдай ұлып тұр. Жаз болса, туырлықтың етегінен, шидің арасынан жыландай жүз бұралып, қоңыр жел кіріп, жолдасын жоғалтқан жандай мұңды, зарлы бір қоңыр әнге басады. Үйдің бір босағасында бесік тұр. Ішінде бөлеулі бала жатыр. Жылап-жылап шаршаған. Енді айқай салып жылауға шамасы жоқ. Әлсіз ғана ыңыранады. Бесік жанында баланың анасы жоқ. Әлдеқайда кеткен. Мал жайлап, шаруа қылып жүр ме? Әлде көрші үйдің қатынымен басын шұлғи-шұлғи бір қысыр кеңесте отыр ма? Кім білсін, бесік жанында көзі көрдей сұп-сұр бір кемпір отыр. Құрысқан қолы бесіктің арқалығында. Салмақпен бесікті тербетеді. Бала ыңыранады, бесік күңіренеді, кемпір де күңіренеді.

Әлди-әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем.

Жылама, бөпем, жылама,

Жілік шағып берейін,

Байқұтанның құйрығын,

Жіпке тағып берейін…

Әлди-әлди, әлди-ай… –

деп күңіренеді кемпір. Кемпірде талу жоқ. Тербетеді, күңіренеді, тербетеді…»

Байқасаңыз, ақын осылайша баланы тербету мәселесінде батыл пікір білдіреді. Біздің уақытымызда мұндай пікірді айтқан адамды кейбіреулер салт-дәстүрге қарсы шықты деп орынсыз айыптауы мүмкін. Бірақ Мағжанның орны бір бөлек. Қалай болғанда да баланың сау-саламат жетілуі бәрінен маңызды емес пе? Ол осы жағын бәрінен биік қойған:

«Бұл дұрыс ұйқы емес. Бұл ұйықтату емес, шайқап-шайқап баланың басын айналдыру, естен тандыру. Тербетіп ұйықтату – баланы талдырып ұйықтату деген сөз. Тербетіліп ұйықтатылған бала ұйықтап жатқан жоқ. Талып жатыр. Өзіңді бір нәрсеге тас қылып байлап тұрып, ерсіл-қарсыл шайқап-шайқап тербетіп-тербетіп талдырып тастаса, жақсы болар ма? Қазақ әйелі! Балаңда қасың болмаса, тербетпе баланы. Бесік – баланың жататын орны. Естен тандырып, талдыратын орны емес. Осыны ұғыну керек, ұғу керек».

Бұдан шығатын қорытындыға келсек. Біреу ойламасын, қазаққа бесік жат екен деп. Біз әсте олай деген жоқпыз. Бесікті қазақтан ажырататын болсақ, қаншама салт-дәстүрді тәрк етіп, ұлттық болмысымыздан, танымымыздан ажыраған болар едік. Алайда кез-келген ата-ана, әсіресе әйелдер, бесікті пайдалану мәдениетін білсе, үйренсе деген тілек. Әйтеуір баланы бөлеп тастап, үйден қашып шығып, тазалығын керек қылмаудан алыс болса дейміз. Оны жиі-жиі емізіп, ұйықтап жатыр екен деп бұрылып кетпей, шешіп алып қол-аяғын, арқасын уқалап, жаттығу жұмыстарын үздіксіз жалғастырып отыруды күн тәртібіне қойған дұрыс.

Кез-келген бала, мейлі оның тілі шығып, сөйлей алмаса да ұқыптылықты, жинақылықты қажет етеді. Сондықтан «бөлеулі жатқан баланы мазаламайық» деген қате әрі зардабы көп пікірден арылып, асты-үстін тазалап тұрса, сәбидің ұйқысы жайлы, көңілі сергек болмақ. Мағжан айтпақшы, баланы бөлеп, әбден шаршатып ұйықтатып тастау міндет емес. Міндет – сол сәбидің құлағына аталы сөзді құйып, санасын айнадай таза ұстап, кішкентай дүрсіл соққан жүрегін махаббатқа, мейірімге толтыра алсақ, ата-аналық парызымыздың орындалғаны. «Тәрбие тал бесіктен» деген сөздегі қазақы тәрбие осындай болса керек.

namys.kz

@. @assel_assanova