Балаңызды массажбен емдетіңіз

Балаңызды массажбен емдетіңіз
Фото: babysignlanguage.com

Бүгінгі таңда нәрестелердің көпшілігі, яғни 70-80 %  дүниеге дисплазия немесе гидроцефалия (мишемен,  бас сүйек куысында ми-жұлын сұйықтығы көлемінің көбеюі) дертімен бірге туылып жатыр. Ал бұл аурулардың бірден-бір емі – массаж. Бұл үшін тек сауатты әрі тыңғылықты жасалатын массаж ғана көмектесе алады. Ендеше массаждың нәрестеңіз үшін қаншалықты маңызды екенін біле жүріңіз.

Жалпы массаждың әсерімен балаңыздың бұлшықеті отегімен және қоректік заттармен қамтамасыз етіледі. Алайда дұрыс жасалынбаған массаж төсекке таңып қоюы мүмкін. Сол ебепті массаждың жасалу тәртібі мен әдісін білмей массаж жасауға қатаң тыйым салынады. Ең әуелі науқастың ауруын жақсылап тексеріп, зерттеп алу керек. Ал массаж баланың орталық жүйке жүйесіне, қан тамырына, теріге, бұлшықеттерге, буындарға, зат алмасуға үлкен әсер етеді. Сонымен қатар физиологиялық және психикалық дамуына да көмектеседі.

Массажбен емделетін дерттер

• Дисплазия дегеніміз  жамбас сүйек ұршығының өспей қалуы. Ал оны емдеу шарасына массаж және физиотерапия (парафин, электрофарез), емдік жаттығу жатады.  Егер де балаңыздан бұл аурудың белгісін байқасаңыз, уақытты текке өткізбей, 3 айына дейін массаж қабылдаңыз.

• Гидроцефалия дегеніміз — мидағы су мөлшшерінің шамадан тыс көп болуы. Оны емдеу үшін массаждың қатайту немесе босату түрлері жасалады. Ал массажды 10 күн үзбей қабылдап, 10 күн демалып, қайта тағы да жалғастыру керек. Осылай 3-4 курс ем қабылдасаңыз, балаңыз дертінен айығары сөзсіз. Массаждың пайдасы — баланың қан айналымы реттеліп, бойын ширақ ұстайды және қол-аяғының ұзаруына, мойнының созылуына да әсері бар. Сонымен қатар баланың иммундық жүйесі көтеріліп, асқа деген тәбеті ашылады және түнгі ұйқысы тыныш болады. Баланың басына жасалған массаж есте сақтау қабілетін арттырып, миының дұрыс жұмыс істеуіне септігін тигізеді. Тыныс жолдарының да жұмысын жақсартып, дұрыс дем алуын реттейді.

• Балаларда жиі кездесетін іш қатуға массаждың көмегі зор. Бұл массажды өзіңіз үйде отырып та жасай беруге болады. Ол үшін баланы шешіндіріп, тегіс жерге шалқасынан жатқызу керек. Қолыңызды ерітілген маймен ысқылап, балаңыздың ішін сағат тілімен сипалайсыз. 3-5 минуттан соң етбетінен жатқызып, арқасын сипасаңыз, балаңыз жел шығарып біраз жеңілденіп қалады. Алайда массажды ұзақ уақыт жасауға болмайды. Себебі бұл ішіне артық салмақ түсіріп, ауыртуы мүмкін.

• Кейбір балалар туыла салысымен майтабан болады. Көпшілік аналар бұл мәселеге аса мән бере бермейді. Алайда бұл да аурудың бастамасы екенін ұмытпау керек. Сол себепті бөбегіңіздің майтабан екенін байқасаңыз, тез арада массаж жасатуға асығыңыз. Себебі  массаж сүйегі әлі қата қоймаған нәрестеңізді емдеп әрі дамуын тездетеді. Ал бұл дерттің салдары балалардың  тым кеш жүруіне және жалқау болуына алып келеді. Массажды жасау үшін кәдімгі майды қыздырып, алақаныңызға құйып, ысқылаңыз. Одан әрі балаңыздың аяғы мен табанына, саусақтарына баяу ырғақпен массаж жасаңыз. Массаждың ұзақтығы 5-7 минут болуы керек.

ЕСКЕРТУ

Егер сіздің балаңызға педиатр дәрігеріңіз жүрегінде ақауы бар, жарық (грыжа), мешел сынды диагноз қойған болса, онда массаж жасатуға болмайды. Сонымен қатар массаж жасату үшін балаңыздың денесінде жара немесе бөртпелер, қызыл дақтар болмауы қажет.

Н. Үсенова