Әйгілі дизайнер Жан-Луи безендірген пәтер

Әйгілі дизайнер Жан-Луи безендірген пәтер
Фото: elitdom.com, deniot.com

Үстіңде үйің болса, күйің бар. Үйсіздің күні құрысын. Үйді мың бояуға бояп, баспанаға басқа өң беруде алдына жан салмайтын талғампаз адамдар болады. Ондай адамдар өмірін дизайнерлік жолмен байланыстырып жатады. Француз декораторы Жан-Луи Денио Нью-Йорк қаласындағы пәтерді ерекше безендірген. Дизайнерден тапсырыс беруші пәтерді өмір сүруге ыңғайлы, әдемі әрі ерекше етіп безендіруін сұраған. Нью-Йорктің атақты Бесінші авенюінде орналасқан пәтер көлемі – 280 м². Францияның үздік декораторы Жан-Луи Денио бұл тапсырманы қалай орындаған екен? 

Қонақ бөлмесі. Бөлмеде айна, диван, екі орындық, үстел бар. Эрве ван дер Стратен дизайнын жасаған айна қабырғаның ортасында тұр. Диванды Парижден Regis Royant галереясынан әкелген. Интернет арқылы сатып алынған екі жұмсақ орындықты француздар 1950 жылдары жасаған. Дизайны Пол Эвансқа тиесілі үстел Нью-Йорктағы Maison Gerard дүкенінен алынған. Сәулет туындыларының бірі Марсия Кейблдің (сол жағындағы) қолынан шықса, екіншісі – Вон Лидің туындысы. 

Қонақ бөлмесі. Жан-Луи Денио дизайнын жасаған кілем Solstys маркасымен жарыққа шыққан. Үстел 1965 жылғы, Мишел Манжематиннің дизайны бойынша жасалған. Сол жақтағы жұмсақ орындық Франция патшасы болған Людовик XVI кезеңіне жатады, Sotheby’s-тен сатып алынған, Pollack матасымен қапталған. Ал диван авторы – Эдвард Уормли, Pierre Frey матасымен жабылған. Диванның екі шетіндегі екі үстел дизайны – Теренс Робсджон-Гиббингстыкі. Ал екі үлкен шамды 1970 жылы Гарри Балмер Laurel үшін жасаған. Қабырғадағы суреттердің авторлары – Эрик Хопкинс пен Ким Маккарти.

Кіре беріс. Аспа шам Людовик XVI патшаның тұсында пайда болған. Үстел дизайны Жан-Луидің өзіне тиесілі. Еден ақ және сұр мәрмәрдан жасалған. Қабырға Couleurs Privées жапон қағазымен қапталған. Екі италиялық жұмсақ орындық 1950 жылы жасалған. Қабырғаға жабысқан екі шам дизайнын Эрве ван дер Стратен ойлап тапқан. Боялған каштаннан жасалған есік айна панелімен қапталған. 

 

Ас ішетін орын. Аспа шам Гаэтано Сколари дизайны бойынша жасалған. Қабырға Tinseltown, Phillip Jeffries қағазымен қапталған. Үстел 1970 жылы Пол Легард дизайны бойынша жарыққа шықты. Үстел айналасындағы диванның дизайны Жан-Луиға тиесілі, ол жасанды былғарымен қапталған. 1960 жылы шыққан орындықтар дизайнының авторы – Кай Кристиансен.

Пәтердегі ас ішетін бөлмеде 2-3 адам ғана сыятын үстел тұр, сондықтан келген қонақтар осы бұрышқа жайғасады. 

Жатын бөлмесі. Қабырғаға Porcelain Palace, Phillip Jeffries қағазы жабылған. Төсек-орын – Ralph Lauren Home, төсек жабыны – Manuel Canovas. Төсек жанындағы үстел Теренс Робсджон-Гиббингс дизайны бойынша жасалған. Кілем авторы – Pierre Frey.

 

Жатын бөлмедегі аспа шам Эрве ван дер Стратен дизайны бойынша жасалған. XIX ғасырға жататын орындық Париждегі базардан алынған. Қабырғадағы сурет авторы – Рейчел Ли Ховнэниан. 1950 жылы жасалған шамның дизайнері – Джеймс Монт. 

Жуынатын бөлменің қабырғасы мәрмәрдан жасалған. Айнаға жабысқан екі шам 1960 жылы жарық көрген. Фурнитура – Dornbracht. Аспа шам дизайнері – Вернер Пантон.

Пәтер қожайыны бөлмелердің ашық түсті болғанын қалаған. Жан-Луи ақ түсті қабырға мен ақ түсті заттардың бір-бірін ашпай тұратынын ескеріп, жарасымды дизайн жасау үшін ақ және сұр түстерді көп қолданған. "Сұр түс ақ түстің көлеңкесі іспетті, ол ақ түсті айқындап, интерьерді жарық, ашық етіп көрсетеді", – деген дизайнер арасында қара түсті заттарды әдемі үйлестіре білген. Әрі заманға сай, әрі тарихи сән-салтанат көрінетін пәтер көздің жауын алады. 

Ғажап интерьер жасай білген Жан-Луи жайлы кеңірек айтар болсақ, ол – француз архитекторы, декоратор, интерьер дизайнері. Өз саласы бойынша әлемдегі ең ықпалды 100 адамның қатарына кіреді. Әйгілі декоратордың өз жұмысын әдетте қалай жасайтынын мына видеодан көріңіз.

Дизайнер туралы тағы да ақпарат алғыңыз келсе, мына сілтемеге өтіңіз: Жан-Луидың жеке сайты

М. Оңғарова