Үй сәні: Қазақы ою-өрнектер мен Еуропа стилінің қосындысы

Үй сәні: Қазақы ою-өрнектер мен Еуропа стилінің қосындысы

Елімізде үй интерьеріне арналған жаңа сән қалыптасуда. Ол – Еуропа стилімен қазақы өрнектерді араластыру. Аталған интерьерді жасау үшін шеберлер қазақ мәдениеті мен өнерінен, соның ішінде ою-өрнектерінен хабар беретін кітаптарды пайдаланады. Нәтижесінде жаңа ою-өрнектер де жасалып шығуы ғажап емес.

Қазақы ою-өрнектердің шығуына көшпелі мал шаруашылығы себеп болған. Қазақ үй мен тұрмыстық заттардың сыртындағы ою-өрнектердің тарихы тереңде жатыр. «Қошқар мүйіз», «түйе ізі», «жылан басы» сынды ұлттық оюлардың сақ заманындағы жануарлар стилімен байланысы бар. Сақтар жерімізді б.з.д. VII – IV ғасырлар аралығында мекендеген тайпа. Олардың өнері сақ мәдениетінің үлкен жемісіне айналды. Ол жерде қой, ешкі, бұғы, қанатты барыс, құстар секілді фантастикалық жануарлардың бейнесі бейнеленген. Б.з.д. салынған суреттерден геометриялық фигураларды да кездестіруге болады.

Текемет пен сырмақ қазақ үйдің негізгі сәніне айналған. Текемет – негізінен ақ, қара, алқызыл, сары және қоңыр түсті жүннен басылған киіз. Ал киіз басып, алаша тоқу үшін жолақ сызықтардан құралған суреттерді пайдаланады.

Жиһаздар, киіз үйдің есігі, ыдыс, музыкалық аспаптар молшылықты меңзейтін, терең ойылып салынған оюлармен бедерленген. Көбінесе қошқар мүйіз, жатаған беде өсімдігіне ұқсас, жүрек тәріздес, S секілді бейнелерге толы оюлар қолданылады.

Әшекей бұйымдарға өсімдіктер мен геометриялық фигуралар салынған. 

Мұнымен қатар әрбір ою-өрнекте симметриялық дәлдік сақталған. Өмір ағашы мен жұмақ бағын сипаттайтын суреттер де бар. Осы бейнелердің арқасында қазақы өрнектер әлемнің тұтас картинасын көрсетіп тұрғандай.

Тарихтан сыр шерткен ерекше ою-өрнектерді жасау өнері – атадан балаға мирас болып қалатын құндылыққа айналған. Онда жиһаздарға оюларды нақыштап түсіруден өзге түстерді дұрыс таңдау мәселесі де бар. Киімдерге тағылатын металл әшекейлерге S және Х тәрізді фигуралар салынады. Олардың шығу тарихы түркі және моңғол мәдениетімен байланысты.

Оюдың барлығының шығу тегі мүйізбен байланысты. Мүйізді әртүрлі етіп бейнелеудің нәтижесінде «қошқармүйіз, арқармүйіз, бұғымүйіз, қырықмүйіз, қосмүйіз, сыңармүйіз» сынды оюлар ойлап табылған. Бұдан өзге жануарлар мүшесіне ұқсатылып жасалған «төртқұлақ, түйетабан, сыңарөкше, қосалқа, қазтабан» сынды оюлар бар. Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ оюларының шығу тегі мал шаруашылығымен, аң аулаумен, табиғат көріністерімен байланысты. Әрбір шебер өзі ойлап тапқан оюға атау беріп отырған.

Мүйіз оюы бірде майда немесе ірі етіп бейнеленеді. Әшекей бұйымдар, тоқыма киімдер, ағаш пен сүйектен жасалған ыдыстарға майда түрі қолданылады, ал алаша тоқу, текемет басу, сырмақ ою кезінде және шиден тоқылған бұйымдар мен қоржын жасауда ірісі қолданылады.  

«Мүйіз» оюының тарихы тереңде жатқанына қарамастан, заманауи үйлерге керемет жарасады. Бір ғана оюдың суретінде үлкен тарих жатыр. Одан тіпті қозғалып бара жатқан бейнелерді, философиялық мән-мағынаны да байқауға болады. Бүгіндері қазақы ою мен Еуропа стилін араластырған интерьер үлкен сұранысқа ие болуда.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: liveinternet.ru

Қ. Бүйенбай