«Әйелден қулық артылмас» дегендей, қулығын қылығымен жасыратын әрбір әйел затында ешкімге белгісіз өзіндік бір сыры мен қулығы жатады. Оны бүгінде әйелдің басты қаруы деп те жүргендер бар. Дегенмен мақсат айланы жүзеге асыру емес, амалын тауып әрекет жасау және соны жүзеге асыру болмақ. Мұны әйелдердің ішіндегі сіз бен біз жақсы білетін болармыз.
1. Әрбір әйелде қосалқы қалта болғаны дұрыс. Себебі артық жинап жүрген ақшаңыз кез келген жағдайда керек болады. Алайда оны тиімділігіне сай өз қажетіңізге жаратыңыз. Мәселен, күтпеген жағдайда киімдерге жеңілдік болғанда, аяқ асты үйге қонақ келіп қалғанда, тосыннан құрбылар жиналғанда, әмияныңызды басқа сөмкеде қалдырғанда немесе үйден шыққанда картаңызды ұмытып кеткенде т.б.
2. Гардеробыңызда ыңғайлы әрі сәнді бір көйлек болғаны жөн. Себебі оны кез келген отырысқа да, іскерлік кездесуге де, тіпті салтанатты кештерге де кие аласыз. Мұндай көйлек сізді көп жағдайдан құтқарады.
3. Шындыққа тура қарайтын сенімді, адал досыңыз болсын. Сізбен кез келген тақырыпта сөз қозғап, ойыңызды бөлісетін, уақытты бірге мәнді әрі қызықты етіп өткізетін жан құрбының болғаны жақсы. Қамыққан кезіңде жаныңнан табылып, көз жасыңды сүртетін досқа ешкім жетпейді.
4. Әлсіз тұсыңызды көпшіліктен жасырыңыз. Яғни, беті ашылмаған, парақталып оқылмаған кітаптай болыңыз. Сіздің әлсіз тұсыңыз басқалар үшін басты қару болуы ғажап емес. Мысалы, жай қырсықтығыңыздың өзі өзгелер үшін тиімді болуы мүмкін.
5. Кез келген сынға төтеп беріп үйреніңіз. Адам баласының басынан түрлі жағдай өтеді. Күтпеген жағдайда жұмыстан босап, сүйіктіңізден айырылып, тіпті жақын достарыңыздан көз жазып қалуыңыз мүмкін. Сол себепті өмірдің әрбір сыйына төтеп бере алатындай төзімді, сабырлы болыңыз.
6. Өзіңді басқара біліңіз. Ауыздан шығатын сөздің қай жерде айтылып, қай жерде үнсіз отыру керектігін біліңіз. Айтқаныңыздан қайтпай табандап тұру мен кері шегіну сіздің қадамыңыздың сәтті болуына жол ашады. Ал бойдағы ашуыңыз сізді емес, керісінше сіз ашуды басқаруды үйреніңіз. Себебі ашуға бой алдырмау әйелдер үшін қиын істердің бірі.
7. Сенім мен сақтық арасын ажырата біліңіз. Өмірде кімге шын сенім артуға болатынын және кімнен сақтану керектігін біліп жүрген абзал.
8. Жоспар құрып үйреніңіз. Мысалы, бүгін нені істейтініңізді немесе нені істемеу керектігін анықтап алыңыз. Сіздің 1 күнге, аптаға, айға жасаған жоспарыңыз сіздің босқа өтетін уақытыңыздың алдын алады.
9. Жан тыныштығын тауып үйреніңіз. Жабыққан кезде немесе құлазыған көңіліңізді көтеретін жайттарды анықтап алыңыз. Мысалы, сізге мұндай жағдайда құрбыңызбен әңгімелескен ұнайтын шығар, мүмкін ас үйде түрлі тағамдар пісіру немесе жанға жағымды әуен тыңдау, мүмкін таза ауада серуендеуді ұнататын боларсыз. Осы секілді өзіңізді тез арада қолға алуды үйреніңіз. Себебі сіздің жаман көңіл-күйіңіз отбасындағы жандарға әсер етеді.
10. Қонақ күтуге арналған әдемі ыдысыңыз болсын. Келген қонақ сіздің ыдысыңыздан сүйсініп тамақтанатындай болсын. Дастарқанның көркін ыдыс ашатыны қаперіңізде жүрсін.
Ең бастысы, өзіңізді сүйе біліңіз. Сүюді үйреніңіз. Жақындарыңызды жоғалтып алудан қорқыңыз!