- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Ат қаума –...
Ат қаума – балаларға арналған ойын түрі
Қазақ халқы «Баланы жастан» деп, оның тұлға болып қалыптасуына кішкене кезінен алаңдайды. Ерте кезде балалардың ептілігі мен қырағылығын, ойлау жүйесі мен санасын дамытатын ойын түрлері көп болған.
Солардың бірі «Ат қаума» деп аталады. Бұл ойынның шарты төмендегідей.
Бірінші бала өзінің сол қолымен оң қолының білегінен мықтап ұстайды, екінші бала да осылай істейді. Бұдан соң екі бала бос тұрған оң қолымен бірінің білегінен бірі ұстап, айқасқан 4 қолдың басынан «орындық» жасайды да, үшінші баланы аяғын салбыратып, қолдың үстіне отырғызады.
- Ат қаума, ат қаума,
Арқар атқан қай тауда? - деп, оны көтеріп алып жүреді де, бір жұмсақтау жер кездескенде:
- Ат қаума, ат қаума,
Арқар атқан ақ тау ма?
Көк тау ма?
Көк тау болса,
Көп тау ма?
Ал тастадық бұл тауға, - деп, қол үстінде отырған баланы жерге тастап жібереді. Отырған бала жығылмай, ептілікпен ғана тез ыршып түсу үшін әрқашан сақ және жинақы отыруы керек. Жығылып қалса, ұпай шегеріледі, жығылмай кетсе, қолдың үстіне әлгі екі баланың бірі отырады. Ойын осы тәртіппен жүре береді.
Ұқсас жазбалар:
Ұлттық нышан-ұлттық ойын
Балаларды ұялы телефон ойынынан аулақ ұстаңыз