Бала ақылды болуы үшін

Баласының саналы, ақылды, тәрбиелі болып өскенін қаламайтын ата-ана жоқ. Алайда барлығы өз қолында екенін көпшілігі ескере бермейді.

Балаға ана сүті қаншалықты маңызды екенін барлығы біледі. Сөйте тұра түрлі жағдайды сылтау қылып баласын уақытынан бұрын омырау сүтінен шығарып жібереді. Кем дегенде бір жасқа дейін толық ембеген бала басқа құрдастарына қарағанда ақылы аздау болса, таңданатын дәнеңесі жоқ. Баланы екі жастан артық ұзақ емізген де дұрыс емес, кез келген сөзге аңқау балалар осындайдан шығады.

Бесік – балаға барлық жағынан пайдасын тигізетін бірден-бір құрал. Денсаулығына да, рухани жетілуіне де, ұлттық рухы биік боп өсуіне де бесік әсер етеді. Бесікке жатқан балалар да жай жерге, кереуетке, бесікарбаға жатқан балалардан оқ бойы озық тұратынын анықталған.

Кез келген үйде кітап болуы керек. Тіпті оны жиі оқитын адам болмаса да, бала жастайынан кітап көріп өссе, оның болашағына әсері мол. Арнайы жүргізілген зерттеулер нәтижесінде үйінде кітап көріп өскен балалардың миы кітап жоқ балаларға қарағанда анағұрлым тез жетілетіні анықталған.

Әуен тыңдаудың да пайдасы шаш етектен. Классикалық баяу әндер тыңдап өскен баланың жүйке жүйесі жақсы жетіледі. Қазақи, күй, терме сынды әндер де балаға патриоттық күш береді.

Тіпті ақылды болуға мінездің де қатысы бар екен. Кез келген жағдайға ашулана бермейтін сабырлы балалар қызуқанды балаларға қарағанда артық тұрады.

Ата-анасы ерте тұрмыс құрған балалардың да ой-өрісі, ақыл-санасы егде жаста шаңырақ көтерген ата-ана балаларына қарағанда артық болады.

Осы жағдайларды жадта ұстасаңыз, балаңыз аса ақылды боп өседі.