Әйелге басты ұстаз – Әйел

Әйелге басты ұстаз – Әйел. Қыз бала үшін ең бірінші ақылшы адам – анасы. Әлемді сүюге, мейірім мен махаббаттың ұштасуына, нәзіктік пен сұлулықтың үндесуіне ананың берер тәрбиесі ұшан-теңіз. Бүгінгінің анасы қызына тәрбие бере алып жүр ме?! Кез келген қыз бала өзі отбасын құрғанда міндетті түрде анасынан көрген детальдарды қайталайды екен. Бұл психологтардың зерттеуі бойынша дәлелденген.

Психологтардан бұрын "анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш" деген мақалды айтқан дала заңынан аттап өтуге тағы болмайды.  Жанұяда ұрыс-керіс, дау-дамайды көп көріп, ата-ана арасындағы сызат түскен сыйластыққа куә боп өскен қыз бала психологиясында ер-азаматқа деген құрметсіздік қалыптасады. Ата-ана арасынан ерекше сезім, махаббат байқамаған адам өмірде қаталдау болып келеді. Қыз бала тәрбиелеп отырған адам өзінен бұрын қызының болашағына алаңдауы керек. Сонымен қызы бар ана қандай болуы керек?

1. Қызының көзінше әкесін үнемі сыйлап жүруі тиіс. "Әкең келе жатыр. Шай қойып, көрпе сал" деген тіркес жиі айтылуы керек. Мұнымен, ер адамның құрметін аңғарта аласыз.

2. Артық ақыл немесе ұрысудан бұрын әрекетпен тәрбиелеу керек. Қызыңыздың киімдерін үнемі жуып, үтіктеп, артын жинап жүріңіз. Кейін осындай дүниеге үйренген адам сыртқа кеткенде де сол тәртіпті жаны қалап тұрады.

3. Киім киісін, отырысын, сөйлеу мәнерін үнемі бақылауда ұстаңыз. Қыз баланың  осы жағдайларда опық жеп жататынын ұмытпаңыз.

4. Үнемі сырласуға, сұхбат құруға уақыт табыңыз. Анасы мен қызының әңгімесі таусылмау керек.

5. Тәжірибе жасап көруге мүмкіндік беріңіз. Кез келген дүние қайталану арқылы сапасы жақсара түседі.  

6.  Еркіндік беріңіз. Қалаған жеріне қыдыруға рұқсат етіңіз. Дегенмен, белгілі бір уақыт, арнайы айтылар шектеудің болғаны дұрыс.

7. Дауыс көтермеңіз. Айқай ешқашан ештеңені өзгертпейді. Қабақпен ұғындырыңыз.

8. Өзін өзгеге сыйлата білетіндей ережелерді санасына сіңіріңіз.

9.  Ең бастысы, қызыңызды жақсы көріңіз. Еркелетіңіз. Мейірімге мұқтаж болмасын.

10. Ол үшін сізден асқан ана, сізден асқан құрбы, сізден асқан ақылшы, сізден асқан психолог болмауы керек. Осы тұрғыда әрекет етіңіз.