Қол сағаттың ғұмырын ұзартайық

Қол сағат – көбіміз күнделікті қолданатын қарапайым бұйым. Бір жағынан әшекей болып табылатын әмбебап құралға уақытында күтім көрсетсеңіз, ол ұзақ уақыт сақталады. Бүгін қол сағатқа қандай күтім қажет екенін талқылайық.

Қол сағатқа көрсететін күтімнің сыры оны күнделікті дұрыс қолдануда. Сағатты таққанда мына ережелерді ұмытпасаңыз, сағатыңыз уақытты дәл көрсетіп, өңі де бастапқыдай сақталады.

1. Сағатты түрлі электр құралдарынан алшақ ұстаған дұрыс. Осылайша сіз оны магнит толқындарынан сақтайсыз, ал бұл өз кезегінде сағаттың дәл жүруіне септігін тигізеді.

2. Заманауи сағаттардың көбісі суға төзімді болады. Онымен суға түсіп, теңізде де шомыла беруге болады. Бірақ әр кез шомылғаннан кейін сағатыңызды тұщы сумен шаюды ұмытпаңыз. Теңіздің тұзды, қаладағы хлорлы су сағат механизмін зақымдайды.

3. Әрине сағатты механикалық соққылардан сақтау керек. Жалпы қарапайым сағат 20 см биіктіктен ағаш бетіне құлағандағы соққыға ғана шыдай алады – бұл жалпы қабылданған шама. Егер сіз спортпен айналысып не басқа да жағдайлармен сағатыңызды құлата берсеңіз, арнайы соққыға шыдай алатын сағат алған жөн.

4. Егер сағатыңыздың шетінде күн жазылатын бөлім болса, сағатты кешкі сағат 21.00 мен түнгі 3.00 арасында ауыстырмаған дұрыс. Бұл кезде күнді көрсететін сан ауысатындықтан, сағатты дәл осы кезде ауыстыру сағат механизмінің қиындықтарына әкелмек.

5. Қол сағаттың тазалығын қадағалап жүріңіз. Сағатты сабын суға малынған щеткамен, артынан құрғақ жұмсақ матамен сүртуге болады.

6. Сағатты құрамында химиялық заттар бар сұйықтықтармен жанасқаннан сақтау керек. Сағат тағып ыдыс, кір жумаңыз, сағаттың маңына әтір сеппеңіз. 

7. Орта шамамен қарапайым қол сағаты 0-60°C температурасына шыдай алады. Сағатты температураның күрт өзгеруінен сақтаған жөн.

8. Уақыт өте сағаттың ылғалдан қорғаныс қасиеті кемиді. Сол себепті суға төзімді сағатты біршама уақыттан кейін судан сақтай бастаңыз.

9. Көбінесе сағаттың былғары белбеуі бірінші тозып, жыртылады. Бұның себебі қолдың терлеуі, ылғал, күннің көзі мен косметикалық құралдардың әсері. Былғары білезікті қол сағатты жиі жуып, тазалаған дұрыс. Әрине сағаттың білезігін ауыстыра да аласыз. Ал тұрақтылықты қалайтындар металдан жасалынған бауы бар қол сағатына назар аударсын. 

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: webgorlovka.com.ua