Сіз үшін жылайтын маман

Сіз үшін жылайтын маман

Массагеттік қауым арасында бұған дейін өлім мен өмір тақырыбында бірнеше рет сөз қозғап үлгерген болатынбыз. Бүгін сол сөзімізді одан әрмен жалғап көрмекпіз. Жо-жоқ, біздің айтпағымыз өлім туралы психологиялық тұжырымдар емес, шетелдіктерді жаулап алып жатқан дүбірлі оқиға туралы. Нақтырақ айтсақ, сіздің өліміңізге, сіздің жаназаңызда жылайтын кәсіби мамандар хақында еді.

"Егер сіз өзіңіздің жерлеу рәсіміңізге адам тым аз келеді деп ойласаңыз немесе қоғамға оқиғаның елеусіз болып қалуынан күдіктенсеңіз, «Rent-A-Mourner» (қазақ тіліне аударғанда "Жоқтаушыны жалға беру") фирмасына хабарласыңыз. Аталған фирма өздерін осылай жарнамалайды.

Әңгіменің байыбына барып үлгерген боларсыз. Яғни, сізді жоқтайтын, сіз үшін жылайтын адамды жалға алуға болады. Компания мәдениетті киінген, шебер мамандарды ұсынады. Әрбір "жоқтаушы" үшін 68$ көлемінде ақша төлейсіз.

"Жалдамалы туыстардың" жасандылығы білініп қалмас үшін, өлген адам туралы мәліметтер алдын ала беріліп, оның әдеттері, жақсы істері үйретіліп қойылады. Фирма сайтының көрсеткішіне көз жүгіртер болсаңыз, тапсырыс беріп қойған адамдарды оп-оңай байқауға болады.

Естіген құлаққа түрпідей тиіп отырғанымен, еуропалықтар да, африкалықтар да, Қытай және Таяу Шығыс елдерінің тұрғындары да мұны қалыпты жағдай санайды. Оларды жерлеу рәсімдерінен жиі ұшырастыруға болады.


Сурет:byaki.net

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева