- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Qazaq Geography-дің оңтүстік...
Qazaq Geography-дің оңтүстік Аралға жасаған сапары сәтті аяқталды
10 мамыр күні Астана қаласынан жолға шыққан QazaqGeography экспедициясының Аралдың оңтүстік бөлігіне жасаған сапары өз мәресіне жетті. Енді зерттеуші топ Қазақстанға қайта оралып, теңіздің солтүстік бөлігін зерттейді. «Арал-2018» ғылыми-танымдық экспедициясы туралы осыған дейін жарияланған мақалаларымызда massaget.kz порталының фотографы Ернар Алмабектің де осы сапарға бірге аттанғанын хабарлаған едік. Әріптесіміз экспедиция барысы туралы ақпарат және бірнеше суретпен бөлісті.
– Жолда біраз ауыртпалықтар да кездесті. Мойнақ елдімекенінен кейін теңізге барар жолды су шайып кетіп, діттеген нүктеге ұзағырақ жолмен баруға тура келді. Теңіз жағасына жеткенде де түрлі қиыншылықтарға тап болдық. Соның бірі, екі көліктің сорға батып қалуы. Оларды шығару үшін бір тәулік уақытымыз кетті ,- дейді әріптесіміз.
Зерттеуші топ құрамындағы Назарбаев Университетінің ғылыми қызметкері Айдын Әбілқас: "Ғылыми зерттеу тобы қажетті су сынамаларын сәтті алды. Үлгілерді алу барысында олардың негізгі физика-химиялық параметрлерін анықтадық. Сол бойынша Оңтүстік Аралдың біз болған нүктелерінде су тұздылығы 126 және 128 промиллені құрайтыны белгілі болды. Ол мұхит суының орташа тұздылығынан шамамен төрт есеге көп," - дейді.
Экспедиция жаңалықтарын бірінші болып оқу үшін Telegram желісіне тіркеліңіз!
А. Оралқызы