"Арал-2018" экспедициясы Өзбекстанға жетті

"Арал-2018" экспедициясы Өзбекстанға жетті
Фото: Ернар Алмабек

QazaqGeography Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамының Солтүстік және Оңтүстік Аралға ұйымдастырған ғылыми-танымдық экспедициясы бүгін Өзбекстан территориясына өтті.

Осыдан екі күн бұрын жолға шыққан экспедициялық топ қазір Ташкент қаласына аялдады. Енді Самарқанд пен Бұхара арқылы өтіп, Хиуада ғылыми зерттеушілерге жолығады.

Сапар туралы қызықты деректер мен фотосуреттерді Massaget.kz сайтының фотографы Ернар Алмабек ұсынып отыратын болады.

Жалпы, шара 10-30 мамыр аралығына жоспарланған. Жол Қазақстан мен Өзбекстан аумағы бойынша 7000-ге жуық километрді қамтиды және Астана – Қарағанды – Балқаш – Шу – Тараз – Шымкент – Ташкент – Самарқанд – Бұхара – Ургенч – Нукус – Мойнақ – Арал теңізі – Бейнеу – Бозой – Арал теңізі – Арал – Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Астана бағыты бойынша өтеді.

QazaqGeography тобына жол талғамайтын көлік жүргізушілерін, сондай-ақ аспазды, дағдыланушы дәрігерді, журналистерді, фотографтар мен блогерлерді жинаған. Бұл экспедициялық топтың Арал теңізіне жасап отырған үшінші ғылыми-танымдық сапары. Қазіргі таңда өңірдің тұрақты даму мүмкіндігін, оның экономикалық және туристік әлеуетін зерттеу жалғастырылуда.

QazaqGeography «Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамы» бес бағытта жұмыс істейді: география, климат, қоршаған орта, табиғи ресурстар, биоалуантүрлілік, туризм, саяхат, өлкетану, тарихи-мәдени мұра, этнография. Қазіргі уақытта Қазақстанда 11 өкілдік ашылған.

А. Оралқызы