Алматы - Тараз - Иә, келісемін. Түнгі бірде шықсақ, тура уақытында жетеміз. Сіз жұмыстарыңызды істей беріңіз. Мен такси табылғанда қайта хабарласамын, - деді өзін Дима деп таныстырған жігіт. Оның Таразға жететін көлікті іздестіруді мойнына алғанына риза болған мен тұтқаны қойып, заттарымды тағы бір түгендедім де дорбаларға үлестіре бастадым. Алдымен техника реттелді. Ноутбук, фотоаппарат, қосымша объектив, экшн-камера, үш флешка, адаптер, пауэрбанк, қуаттау сымдары... Одан кейінгі кезек үлкен дорбада. Әдеттегідей, ең астына орын көп алатын, қажеттілігі шамалы киімдер кетті. Артынша ауыстыруға арналған футболка, шалбарлар салынды. Қалталар ұсақ-түйекке толды. Шұғыл керек боп қалған кезде ала қою үшін ыдыс-аяқ, жауын өткізбейтін шекпен бет жағына орналастырылды. Қос дорбадан кейін төсеніш, ұйықтауға арналған қап пен жиналмалы шатыр сыртқы есіктің жанына қойылды. Дима айтқанындай қайта хабарласты. Такси түнгі бірде Сайран автовокзалынан алып кететін болыпты. Сапарлас төрт адамның барар жері бір демесең, бірін бірі танымайды. Осы бүгін ғана Таразға жиналып жатқандардың whatsapp-тағы чатында нөмір алмасып, жолға бірге шығамыз деп келіскендер. Расын айтқанда, Audi маркалы жеңіл көлік көп жүгі бар төрт адам үшін тар екен. Десе де, жол жаман емес, 500 шақырымдық жерді тез-ақ жүріп өттік. Әңгіме жол қысқартады деуші еді. Сапарластарым әңгімешіл болып шықты. Дима клинингтік компанияның құрушысы, Айнаш өзімнің әріптесім Tengrinews порталында тілші, Ғалымбек құрылыс компаниясында инженер екен. Біз Таразға жеткенде таң енді атып келе жатқан. Жаңбыр жауып тұр. Оңтүстік аңыздары экспедициясының мүшелері жиналамыз деген Жастар алаңында үш қызыл автобустан басқа көлік көрінбейді. Жүкті түсіріп, таксисті жібергеннен кейін сол автобустардың біріне тығылдық. Жүргізушілер біз келгеннен ішке кірген жоқ. Су болса да автобустардың маңдайшасына Nomad Explorer деген үлкен жазуды жабыстырып әлектенуде. Жауынның тоқтар түрі жоқ. Ұйықтап кетіппін. Оянсам, автобус іші толып қалған екен. Сыртқа шығып едім, у-шу. Адам көп. Басталды! деп ойладым ішімнен. Дорбадан фотоаппартымды алдым. Су жаңа Sony Alpha 7 iii-тің сыналар сәті жетті. Оған орнатылған 24-240 милимметрлік объективтің жақсы жері алыстағы нысандарды жақындатып көрсетуге шебер. Бір орында тұрып-ақ сәтті кадр түсіргісі келетін еріншектерге таптырмас дүние. Көпшіліктің ішіне енбес бұрын объективтің күшін пайдаланып, визир арқылы (видеокөрсеткіш - фотоаппарат түсіретін нысанды бақылайтын тесік) айналаны бір шолып шығуды ұйғардым. Шарт-шұрт. Шарт-шұрт. Адамдардың жүзінде эмоция көп. Бәрі қуаныштан бал-бұл жайнап жүр. Жаңбыр жауып жатыр деп налыған ешкімді байқамайсың. Көп кешікпей, алаңда орналасқан сахна жақтан таныс дауыс естілді. Сөз бастаған осы сапардың ұйымдастырушысы Марғұлан Сейсембаев болатын. Халықтың бәрі сол маңға жиналды. Ресми бөлім, сэлфи, ду қол шапалақ, көліктеріне асыққан жұрт. Экспедиция жолға шықты. Оңтүстік жаңбырлары Жеті күнге жоспарланған экспедицияның бес күнінде жаңбыр жауды.Көпшілікке, әсіресе, бірінші түн ауыр тиді. Экспедиция туралы әлеуметтік желідегі парақшама салған алғашқы жазбамда ...түн жаңбырлы болды. Таңертең тұрсақ, астымыздан су өтіп, аяқ киім мен сөмкелеріміз шылқып жатыр екен. Елдің көбінде осы жағдай. Сапар осындай тосын жайттарымен де қызық қой. Бастысы, бас аман! Қазір Тараздың базарынан етік сатып алып, кезекті нысандарды тамашалауға бара жатырмыз. Енді жаңбырдан қорықпаймыз, бірақ күн жылыса қарсы емеспіз!, - деппін. Етік кигеннен кейін жаңбырдан қорықпағанымыз рас, бірақ, аспанның түбі тесіліп кеткендей толассыз жауған жауын кім кімді болсын қажытпай қоймайды екен. Содан шығар,ел арасында сапарды тоқтатып, үйлеріне қайтуды ойлағандары да болды. - Қашатының бар, неге келдің? - деді Асқар аға жанында тұрған Бексұлтанға. - Ана жігіттерге қарашы, додаға түскелі үш сағаттан асты. Жаңбыр жауды екен деп тарап кетсе, олар көкпаршы бола ма? Номадпын дейсің, бірақ далаға келіп, қаланың өмірін іздеп жүрсің. Ертең осы сапарды еске алғанда ұялмайтындай бол, әйтеуір...Бексұлтан су-су болған аттыларға қарап ұзақ тұрды. Кешкі ас кезінде қатар отырдық. Қалыпсың ғой,-дедім. Осы үшін келдім емес пе,-деп ыржиды ол өзінің түсте кеткісі келгенін жасырғандай боп. Жаңбыр түнгі он бірге таман тоқтады. Сол уақытқа дейін біз штаб аталып кеткен үлкен шатырдың астында отырдық. Кейін далада от жағылып, бәріміз сонда ауыстық. Әңгіме-дүкен. Ән. Отқа кептірілген киім. Көпшіліктің көңілі енді көтерілді. Уақыт өте адам бәріне үйренеді екен. Бірнеше күннен кейін Nomad Explorer мүшелері табиғаттың бұл құбылысына кедергі ретінде емес, Көктің сыйы ретінде қарай бастады. Біз келген едік, нұр жауды! Енді жер көгереді, шөп шүйгін болып, мал семіреді. Егін мол шығады!, - десті олар. Өз дегендеріне сеніп, іштей марқайды. Іштегі сезім сыртқа да байқалды. Пессимизм ақырындап оптимизмге ұласты. networking Жаңбыр жұртты әуреге салып, алғаш құрылған жоспарды аздап өзгертті демесек, басқа жағынан экспедиция сәтті өтті. Бұл жерде, әлбетте, тығырыққа тірелген уақыттатапқырлық танытқанұйымдастырушылардың еңбегі зор. Жеті күнде сапарға шыққандар сан алуан эмоциядан бөлек, пікірлес дос тауып, білім көкжиегін кеңейтіп, саяхатшыға қажет тәжірибе жинап қайтты. Өз кәсібінде үлкен жетістікке жеткен мамандардың тәлімін тыңдап, танымдарын арттырды. ...көне қалаларға соқты...АқыртасТаразСауранОтырарТүркістан ...кесенелерді тамашалады...Айша бибі - Бабаджа қатын кесенесіҚарахан кесенесіДомалақ ана кесенесіҚожа Ахмет Ясауи кесенесіАрыстан баб кесенесі ...табиғаттың ғажап көріністеріне куә болды...Берікқара аңғарыҚазығұрт тауыАқмешіт үңгіріҒайып Ерен Қырық ШілтенҚызғалдаққа толы дала ...ұлттық ойын түрлеріне қатысты...КөкпарАударыспақКүресАрқан тартысАсық ату