ЖОЛЖАЗБА
"Оңтүстік аңыздары"
АЛМАТЫ - ТАРАЗ
- Иә, келісемін. Түнгі бірде шықсақ, тура уақытында жетеміз. Сіз жұмыстарыңызды істей беріңіз. Мен такси табылғанда қайта хабарласамын, - деді өзін Дима деп таныстырған жігіт. Оның Таразға жететін көлікті іздестіруді мойнына алғанына риза болған мен тұтқаны қойып, заттарымды тағы бір түгендедім де дорбаларға үлестіре бастадым. Алдымен техника реттелді. Ноутбук, фотоаппарат, қосымша объектив, экшн-камера, үш флешка, адаптер, пауэрбанк, қуаттау сымдары... Одан кейінгі кезек үлкен дорбада. Әдеттегідей, ең астына орын көп алатын, қажеттілігі шамалы киімдер кетті. Артынша ауыстыруға арналған футболка, шалбарлар салынды. Қалталар ұсақ-түйекке толды. Шұғыл керек боп қалған кезде ала қою үшін ыдыс-аяқ, жауын өткізбейтін шекпен бет жағына орналастырылды. Қос дорбадан кейін төсеніш, ұйықтауға арналған қап пен жиналмалы шатыр сыртқы есіктің жанына қойылды.

Дима айтқанындай қайта хабарласты. Такси түнгі бірде "Сайран" автовокзалынан алып кететін болыпты. Сапарлас төрт адамның барар жері бір демесең, бірін-бірі танымайды. Осы бүгін ғана Таразға жиналып жатқандардың whatsapp-тағы чатында нөмір алмасып, жолға бірге шығамыз деп келіскендер. Расын айтқанда, Audi маркалы жеңіл көлік көп жүгі бар төрт адам үшін тар екен. Десе де, жол жаман емес, 500 шақырымдық жерді тез-ақ жүріп өттік. "Әңгіме жол қысқартады" деуші еді. Сапарластарым әңгімешіл болып шықты. Дима клинингтік компанияның құрушысы, Айнаш өзімнің әріптесім — Tengrinews порталында тілші, Ғалымбек құрылыс компаниясында инженер екен.

Біз Таразға жеткенде таң енді атып келе жатқан. Жаңбыр жауып тұр. "Оңтүстік аңыздары" экспедициясының мүшелері жиналамыз деген Жастар алаңында үш қызыл автобустан басқа көлік көрінбейді. Жүкті түсіріп, таксисті жібергеннен кейін сол автобустардың біріне тығылдық. Жүргізушілер біз келгеннен ішке кірмеді. Су болса да автобустардың маңдайшасына "Nomad Explorer" деген үлкен жазуды жабыстырып әлек. Жауынның тоқтар түрі жоқ. Ұйықтап кетіппін. Оянсам, автобус іші толып қалған екен. Сыртқа шығып едім, у-шу. Адам көп. "Басталды!" деп ойладым ішімнен. Дорбадан фотоаппартымды алдым. Су жаңа Sony Alpha 7 iii-тің сыналар сәті жетті. Оған орнатылған 24-240 милимметрлік объективтің жақсы жері — алыстағы нысандарды жақындатып көрсетуге шебер. Бір орында тұрып-ақ сәтті кадр түсіргісі келетін еріншектерге таптырмас дүние. Көпшіліктің ішіне енбес бұрын объективтің күшін пайдаланып, визир арқылы (видеокөрсеткіш - фотоаппарат түсіретін нысанды бақылайтын тесік) айналаны бір шолып шығуды ұйғардым. Шарт-шұрт. Шарт-шұрт. Адамдардың жүзінде эмоция көп. Бәрі қуаныштан бал-бұл жайнап жүр. Жаңбыр жауып жатыр деп налыған ешкімді байқамайсың. Көп кешікпей, алаңда орналасқан сахна жақтан таныс дауыс естілді. Сөз бастаған осы сапардың ұйымдастырушысы Марғұлан Сейсембай болатын. Халықтың бәрі сол маңға жиналды. Ресми бөлім, сэлфи, ду қол шапалақ, көліктеріне асыққан жұрт. Экспедиция жолға шықты.
Оңтүстік жаңбырлары
Жеті күнге жоспарланған экпедицияның бес күнінде жаңбыр жауды. Көпшілікке, әсіресе, бірінші түн ауыр тиді. Экспедиция туралы әлеуметтік желідегі парақшама салған алғашқы жазбамда "...түн жаңбырлы болды. Таңертең тұрсақ, астымыздан су өтіп, аяқ киім мен сөмкелеріміз шылқып жатыр екен. Елдің көбінде осы жағдай. Сапар осындай тосын жайттарымен де қызық қой. Бастысы, бас аман! Қазір Тараздың базарынан етік сатып алып, кезекті нысандарды тамашалауға бара жатырмыз. Енді жаңбырдан қорықпаймыз, бірақ күн жылыса қарсы емеспіз!", - деппін. Етік кигеннен кейін жаңбырдан қорықпағанымыз рас, бірақ, аспанның түбі тесіліп кеткендей толассыз жауған жауын кім кімді болсын қажытпай қоймайды екен. Содан шығар, ел арасында сапарды тоқтатып, үйлеріне қайтуды ойлағандары да болды.
- Қашатының бар, неге келдің? - деді Асқар аға жанында тұрған Бексұлтанға. - Ана жігіттерге қарашы, додаға түскелі үш сағаттан асты. Жаңбыр жауды екен деп тарап кетсе, олар көкпаршы бола ма? Номадпын дейсің, бірақ далаға келіп, қаланың өмірін іздеп жүрсің. Ертең осы сапарды еске алғанда ұялмайтындай бол, әйтеуір...
Бексұлтан су-су болған аттыларға қарап ұзақ тұрды. Кешкі ас кезінде қатар отырдық. «Қалыпсың ғой»,-дедім. «Осы үшін келдім емес пе»,-деп ыржиды ол өзінің түсте кеткісі келгенін жасырғандай боп. Жаңбыр түнгі он бірге таман тоқтады. Сол уақытқа дейін біз «штаб» аталып кеткен үлкен шатырдың астында отырдық. Кейін далада от жағылып, бәріміз сонда ауыстық. Әңгіме-дүкен. Ән. Отқа кептірілген киім. Көпшіліктің көңілі енді көтерілді.
Уақыт өте адам бәріне үйренеді екен. Бірнеше күннен кейін Nomad Explorer мүшелері табиғаттың бұл құбылысына кедергі ретінде емес, Көктің сыйы ретінде қарай бастады. "Біз келген едік, нұр жауды! Енді жер көгереді, шөп шүйгін болып, мал семіреді. Егін мол шығады!", - десті олар. Өз дегендеріне сеніп, іштей марқайды. Іштегі сезім сыртқа да байқалды. Пессимизм ақырындап оптимизмге ұласты.

Left
Right
Жаңбыр жұртты әуреге салып, алғаш құрылған жоспарды аздап өзгертті демесек, басқа жағынан экспедиция сәтті өтті. Егер біз ең басында айтқандарымыздан ауа-райына байланысты бас тартқан болсақ, ол — жауапкершіліксіздік болар еді. Бірақ, ештеңеге қарамастан дегенімізді істедік. Мысалы, атақты тұлғалармен болған мастер-класстар табиғат аясында ұйымдастырылуы керек еді. Бірақ, күн райы ондай мүмкіндік бермегендіктен, амалын тауып, мастер-класстарды бір нысаннан екінші нысанға барар жолда — автобустардың ішінде ұйымдастырдық. Ең бастысы, бізбен бірге бұл сапарға шыққандар саяхаттау дегеннің не екенін түсінді, үлкен өмірлік тәжірибе жинады.
Nomad Explorer құрушысы
КӨНЕ ҚАЛАЛАР
Nomad Explorer 7 күнде 5 көне қалаға соқты
АҚЫРТАС
Тастан қаланған бұл нысан Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан. Зерттеушілер Ақыртасты ерте орта ғасырлық ескерткішке жатқызады.
ОТЫРАР
VIII ғасырдың басынан Тарбанд деген атаумен белгілі. Бұл атау Күлтегін мен Білге қаған құрметіне арналған көне түркі жазбаларында кездеседі.
КҮЛТӨБЕ
Ортағасырлық Түркістан қала жұртының шығыс шетінде, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 350 метр жерде орналасқан.
КӨНЕ ТАРАЗ
Қалашық қазіргі Тараз қаласының орталық бөлігінде орналасқан. Қазба жұмыстары орта ғасырдағы Тараздың қамалдан, шахристаннан, рабаттан (қорған) және аумақтардан тұрғанын айғақтайды.
САУРАН
Сауран туралы алғашқы деректер 10-ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған.
КЕСЕНЕЛЕР
Сондай-ақ, Айша бибі, Бабаджа қатын, Қарахан, Домалақ ана, Арыстан баб және Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне барып, мінәжат етті.
Табиғаттың ғажап көріністеріне куә болды
Берікқара
Ақмешіт
Қазығұрт
Ғайып Ерен Қырық Шілтен
Қаратаудың етегінде
Алғашқы төрт күнде экспедицияның негізгі лагері Берікқара деп аталатын жерде орналасты. Бұл шатқал өсімдіктер мен жануарлардың реликт және эндемик түрлері көп кездесетін өңірде орналасқан. Мұнда Семенов үйеңкісі, Сиверс алмасы, соғды шағаны тек Қазақстанда сақталған берікқара терегі өседі.
Таңғажайып үңгір
Әктасты жыныстар қабатында пайда болған үңгір. Ұзындығы 254, ені 65, биіктігі 25 метрді құрайды. Үңгір ішінде әрдайым бірқалыпты температура сақталады. Жарқабақтардан жаңбыр мен қардың суы тамшылап тұрады. Ішінде қарағаш пен тұт өседі.
Басында кеме қалған тау
Талас Алатауының оңтүстік-батыс сілеміндегі жота. Ең биік нүктесі 1768 метрді құрайды. Ежелгі аңыз бойынша, Жер бетін топан су басқанда жасалған Нұх пайғамбардың кемесі осы тауға келіп тоқтаған екен.
Қасиетті жер
Қазығұрт тауының етегінде орналасқан бұл қасиетті жерге жылдың қай мезгілінде де мінәжат етіп келетіндер көп. Біреу бала тілейді, біреу дертіне ем сұрайды. Ниеті түзу болса, бәрінің тілегі орындалады дейді жергілікті халық.
Мұндай сапарлар адамға не береді?
Нетворкинг
Экспедиция жаңа таныс, пікірлес дос табуға көмектеседі.
Білім
Экспедиция білім көкжиегіңді кеңейтуге жол ашады.
Туған жер
Экспедиция туған жердің қымбат екенін ұғындырады.
Эмоция
Экспедиция жақсы демалыс пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.
Біздің негізгі мақсатымыз — ішкі туризмді дамыту. Ол тұрғыдан алғанда атқарған жұмысымыз көп. Экспедиция мүшелерінің жеті күн бойы елді мекендерге тоқтаған сайын дүкендерге кіріп, азық-түлік, керек-жарақ сатып алғанының өзі жергілікті кәсіпкерлер үшін үлкен көмек болды.

Жалпы, оңтүстік өңірдің туристік әлеуеті зор. Мұнда неге қызықсаңыз да баратын жер табылады. Қасиетті орын іздесеңіз, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Домалақ ана кесенелері бар. Тарихи танымымды арттырамын десеңіз, көне қалалардың орны жатыр. Ал, табиғатқа сүйсінемін дейтіндер Берікқара шатқалы, Қазығұрт тауы мен Ақмешітті көрсе болады. Келіңіз, қараңыз, зерттеңіз.

Әлбетте, кемшіліктер де жоқ емес. Бірінші кезекте, жолдардың бәрі керемет дей алмаймын. Одан кейін дәретхана мәселесі тұр. Ең өкініштісі, көне ескерткіштердің жағдайы қиын. Мысалы, Сауран қаласын алсақ. Ауқымы таңғалдырады. Ескі болса да әлі сақталып тұр. Бірақ, қалпына келтіру және қазба жұмыстары бір жолға қойылмаған. Күзет жоқ. Ішіндегі жәдігерлер тоналып жатыр. Егер осылай қала берсе, өте құнды ескерткішімізді жоғалтып алуымыз мүмкін. Nomad Explorer бұл мәселені де көтерді. Болашақта көне Сауранның маңына туристерге арналған көшірме қалашық салмақпыз.

ШЫМКЕНТ - АЛМАТЫ
- Балам, мына дәріні ішші, - деді арт жағымда отырған әже иығымнан түртіп.
- Жаңа ішіп едім, рақмет! - дедім мен құлаққабымды киіп жатып.
- Жоқ, мынау жақсы көмектеседі. Алдағы жөтеліңнен қорқайын дедім. Ішші! - деп қоймады ол.

Экспедицияның екінші күнінде басталып, әбден үйге қайтарда күшейген жөтел мені де қорқытайын деді. Басылар емес. Тіпті, кеуде тұсымды ауыртып барады. Гүрс-гүрс... Қанша шаршап тұрсам да ұйқы бермей қинады. Менің ғана емес, Шымкенттен Алматыға түнделетіп шыққан автобус ішіндегі бар жұрттың ұйқысын ұрлаған сияқты. Алты күн бойы ішкен дәрілердің бірі де ем болмап еді...

Үлкен кісіге тағы да "Жоқ!" деуге қысылып, дәрісін алдым. Бар үмітімді сол түймедей ақ дөңгелекке арттым да ауызға салып жібердім...

Мені Алматыға кірер тұстағы Алтын Орда базарына жақындағанда Айнаш оятты. Осы жерден түскелі жатыр екен. Алатаудың бөктеріндегі алып шаһар бізді кептелісімен қарсы алды. Көп көлік. Ары-бері асыққан жұрт. Қарбалас.

Ернар Алмабек
Жолжазба авторы