Биыл Түркістанға 1 миллиондай турист келген

Бүкіл түркі жұртына ортақ қастерлі мекен – Түркістан 2015 жылды рухани кездесулермен, толағай табыстармен аяқтады. Жыл қорытындысы бойынша, биыл қасиетті Түркістанға 1 миллиондай турист келген.

Әріге бармай-ақ, биылғы жылдың өзінде елдігімізді айшықтайтын ұлы істердің барлығы дерлік осы қасиетті қалада тұсауы кесілді. Соның ішінде, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының құрметіне арналған салтанатты рәсім, алдымен, осы рухани орталықтан бастау алып, «Менің Қазақстаным пойызы» да ең алғашқы аялдамасын Түркістанда жасады. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы Таразда аталып өткенімен тарихи қала Түркістанды да ұмыт қалдырған жоқ. Бұдан бөлек, мемлекетіміз Тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақытта Түркістанға келіп, сәждеге бас июді міндет санайтын бауырлас Түркия елінің мемлекет басшыларының салған дәстүрлі жолы биыл да жалғасын тапты. Тарқатып айтсақ, Реджеп Тайып Ердоған мырзаны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанда қарсы алып, Мемлекет басшылары осындағы Түркия тарапынан салынған мешіттің лентасын қиды.

Ер Түріктің бесігі саналатын Түркістанда туризм саласы соңғы екі, үш жылда айтарлықтай дамып келеді. Осы жылдың өзінде киелі қалаға келіп, тарихи мекендерге зиярат етушілердің қатары миллионға жуықтады. Бұл көрсеткішті жергілікті басшылық «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізінің салынуымен байланыстырады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлімдегендей, ауыл шаруашылығы саласында да Түркістанның мерейі үстем. Сала жұмысы «Алтын күз-2015» мерекесінде бес аталым бойынша – тамшылатып суару әдісін енгізу, көкөніс өсіру, жеміс-жидек өсіру, мақта өсіру және сүт өндіруден озат аудандардың қатарына еніп, жекелеген жергілікті шаруалар да жүлделі оралды.

Шаһарда кәсіпкерлік саласы да дамып келеді. Жыл қорытындысы бойынша «Кәсіпкерлікті қолдау бойынша үздік әкімдік» аталымымен облысымыздағы аудан, қалалар арасында үшінші орын алды. Олай болатын да жөні бар. Биыл Түркістанда төрт кәсіпорын өз жұмысын бастады. Одан бөлек сүт өнімдерін өндіретін цех іске қосылды.

Сондай-ақ шаһарда әлеуметтік нысандар санын арттыруға бағытталған жұмыстар да қарқынды жүргізілген. Атап айтсақ, қала аумағында биыл 2 мектеп, 4 балабақша пайдалануға берілсе, денсаулық сақтау саласында төрт ауданға қызмет көрсететін 200 төсек орындық балалар ауруханасы жұмысын бастап, спорт саласында жергілікті кәсіпкерлердің пәрменімен 10 ойын алаңы ашылды. Сонымен қатар, жастар орталығының ғимараты пайдалануға беріліп, 6 көшеге асфальт, ішкі орам жолдары жарықтандырылды. Электр қуатының сапасын арттыратын 2 қосалқы бекет іске қосылып, орталық жылу қазандығы, бірқатар көпқабатты үйлер күрделі жөндеуден өтті. Қаладағы орталық «Жеңіс» саябағынан «Даңқ» мемориалы салынып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында «Шығыс қақпасының» лентасы қиылды. Сондай-ақ, туристерге сапалы қызмет көрсету мақсатында жеке инвестор есебінен 4 жұлдызды қонақ үйдің құрылысы басталды.

Дереккөз: bnews.kz