- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- 198 елді аралаған...
198 елді аралаған норвег саяхатшысының көріп-білгендері
40 жасар норвег саяхатшысы Гуннар Гарфорс жұмысынан бір күнге де сұранбай саяхат жасап, рекорд орнатты. Гуннар 17 жасынан саяхаттауды бастаған, бұл оның сүйікті ісіне айналады.
Гарфорс өзінің жеке сайтында 198 елді қалай санағанын жазады. Расында БҰҰ-ға мүше елдер саны небәрі — 193. Ал әлемнің көптеген елдері тәуелсіздігін мойындаған Палестина мен Ватикан халықаралық ұйымға мүше емес. Сонымен қатар, БҰҰ жартылай мойындаған елдердің қатарында Косово, Батыс Сахара (САДР) және Тайуань мемлекеттері бар. Гуннар аталған бес елде де болып, тізімдегі мемлекеттер санын 198-ге жеткізеді.
«17 жасымда досым екеуіміз Еуропаның 13 елін араладық. Содан кейін саяхатқа ден қойып, қызығушылығым ояна бастады. Бірнеше жылдан кейін Еуропадан тыс елдерді шарладым. Ал 2004 жылы соңы «станмен» аяқталатын елдердің барлығына баруды ұйғардым. 2008 жылы бүкіл әлемді өз көзіммен көруге бел будым», — дейді Гуннар Гарфорс.
Гуннар Гарфорс — Norwegian Mobile TV корпорациясының бас директоры. Саяхатшының айтуынша, жұмыстағы көптеген мәселені қашықта жүріп-ақ шешіп, компаниядағы жоғары лауазымын сақтай алған. Ол қол астындағы жұмысшыларымен ноутбугі арқылы үнемі байланыста болған. Одан бөлек, Норвегия азаматы жылына бес апта төленетін демалыс күнін алуға құқылы. Сонымен қатар, Норвегиядағы ұлттық мейрамдар есесінен берілетін ресми демалыс күндер оның саяхатына демеу болған.
«Оқшауланған Еуропадан шығып, әлемнің өзге аймақтарындағы адамдардың өмірімен танысу, олардың қоғам жайлы пікірін білу тәуелсіз тәжірибеге жетелейді. Олар еуропалықтар сынды өздерін ғаламның ордасы деп біледі. Мен соңында барлығымыздың бірдей екенімізді түсіндім. Әр күні бір мекенде ұйықтау міндетті емес. Дегенмен шекарасын кесіп өткен елдің бәрін тізімге енгізе бермейсің», — дейді Норвегия азаматы. Гарфорс Сомалиде қолына пышағы бар адамнан аман қалған. Үндістанда тағамнан уланып, Нигер полицейлерінің бақылауымен елден депортацияланады.
Гарфорстың есімі 2012 жылдан бері танымал бола бастаған. Ол бір тәулікте бес құрлықта болып (Стамбул (Азия) —Касабланка (Африка) — Париж (Еуропа) — Пунта-Кана (Солтүстік Америка) — Каракас (Оңтүстік Америка)), Гиннес рекордтар кітабына енеді. Гуннар рекордты британдық досы Адриан Баттервортпен бірге орнатады. 2013 жылы 37 жасында норвег саяхатшысы соңғы 198-інші еліне жетіп, өз мақсатын толығымен орындайды. Ол Кабо-Вердеге туыстары және достарымен бірге келеді.
Ж. Өрісбай