Африка қақ ортасынан бөлінеді

Африка қақ ортасынан бөлінеді

Құрметті оқырмандар! Әлемде болып жатқан және болуы мүмкін қызықты мәліметтердің кейбірін назарларыңызға ұсынамыз:

9 миллиарқа жетпекпіз

2050 жылға қарай Жер бетіндегі халықтың саны 9 миллиардқа жетеді. БҰҰ-ның «Әлемдік экономикалық және әлеуметтік жағдайға шолу, 2010 жыл: әлемдік дамуды қайта жабдықтау» атты баяндамасында осындай болжам жасалды. Мамандардың мәліметінше, дүниежүзінің халқы жыл сайын 70 млн. адамға көбейіп келеді. Экономикалық процестердің дамуы да қарқынды. 2050 жылға қарай, әлемдік экономика 9 миллиард халықты лайықты өмірмен қамтамасыз етуге қауқарлы болуы тиіс. Өйткені халық саны осынша адамға жетеді және оның ішінде қала тұрғындарының саны 70 пайызға ұлғаймақшы. Прогресс қазірдің өзінде өлім көрсеткішінің азаюына ықпал ете бастады. Мамандар 40 жылдан соң, дамыған елдердің әрбір төртінші және үшінші әлемнің әрбір жетінші тұрғынының жасы 65-тен жоғары болады деп болжайды. Айта кетейік, бүгінде біздің ғаламшарда 6,8 млрд адам өмір сүріп жатыр.

 Африка қақ бөлінбек

Жер бетінде тағы бір мұхит пайда болып, Африка құрлығы қақ бөлінеді. Лондондағы Корольдік қоғамның ғалымдары осындай сенсациялық болжамды жария етті. Зерттеу тобының жетекшісі, ғалым Тим Райттың мәліметінше, Эфиопиядағы Афар аймағында бірте-бірте мұхит қордаланып келеді. Алдағы миллион жыл ішінде үлкен су Африка құрлығын ортасынан екіге жаруы мүмкін. Афар аймағындағы географиялық өзгеріс соңғы бес жыл ішінде байқала бастаған. Жер өзінен-өзі опырылып, аймақтың біраз бөлігін су басыпты. Ал кейбір ғалымдардың болжамы бұдан басқаша. Олар Эфиопия мен Сомали мемлекеттері аумағында қалыптасып келе жатқан жаңа сулы өлкенің кейін Үнді мұхитына қосылып, бұл жерде үлкен арал құралатынын айтады.

Футбол көремін деп әйелінен айырылды

Оңтүстік Африка Республикасында өткен футболдан әлем чемпионаты әнші Робби Уильямстың отбасына кикілжің алып келді. Чемпионат басталғалы достарымен теледидар алдынан шықпай қойған оны болашақ жары, актриса Айда Филд тастап кетті.
Болашақ жары дейтініміз, Робби мен Айда әлі некелесе қоймаған болатын. Олардың үйлену тойы осы жылдың соңына жоспарланған. Әншімен жанжалдасып қалған актрисаның айтуынша, Робби соңғы күндері оған мүлдем көңіл бөлмей қойған. Тіпті достарымен бір бөлмеге қамалып алып, футболды талқылаумен уақыт өткізетінді шығарды. «Олардың айқай-шуы, вувузеланың ызылы жүйкемді жұқартып бітті. Мен футболды мүлдем түсінбеймін. Чемпионат аяқталғанша, анамның үйінде өмір сүруіме тура келеді», – дейді актриса. Айта кетейік, Робби Уильямс – ағылшын құрамасының жанкүйері. Оның актер Расселл Брэндпен бірге жазған Three Lions әні британдық команданың бейреcми әнұраны саналады.

Күннің ән салуы

Тарихта тұңғыш рет Күннің әуені жазып алынды. Алып планетаның сыртқы атмосферасының магнитті өрісінен бөлінетін дыбыстарды таспаға түсірген – Ұлыбританияның Шеффилд университетінің астрономдары.
Мамандардың мәліметінше, Күннен әуен бөлінетіні рас және ол бұрыннан сөз болып келе жатыр. Күннің сыртқы атмосферасындағы корональды сақиналар вибрацияға ұшырайды. Осының әсерінен әдемі әуен естіледі. Астрономдар спутниктік бейнетүсірілім арқылы Күн музыкасын таспаға жазып алып, оның жиілігін адам ести алатындай деңгейге жеткізді. Ғалымдардың айтуынша, Күннен бөлінетін әуен шекті және үрмелі музыкалық аспаптың үніне ұқсас.

Су астында болған той

Италияның Каполивери қаласында үйлену тойы су астында өтті. 261 адам қатысқан той Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Халықаралық ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, дәл мұндай той бұрын-соңды болған емес. 37 жастағы Виола Франческа Коломба мен 33 жастағы Джампьеро Джанноккаро үйлену тойын су астында өткізуді ұйғарыпты. Бірақ тойдың қандай суқоймада болғаны жария етілген жоқ. Некелесу тойына 261 адамның бәрі гидрокостюм киіп келді. Күйеу жігіт су өткізбейтін смокинг, ал қалыңдық вуалі бар ақ түсті гидрокостюм киген.

сурет: saryarka-samaly.kz, bagish.kz

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Б. Қосмағамбет