«Ойпырай, сол Татьяна ма екен?»

Дәстүр бойынша 25 қаңтар - Татьяна күнінде «Астана Опера» театрында «Ойпырай, сол Татьяна ма екен?» атты концерт өтеді. Бұл туралы «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі хабарлады.

Көрермен назарына П.И. Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан лирикалық көріністер ұсынылады. Өткен жылы Камералық залда өткен концертпен салыстырғанда, бұл жолы Мәрмәр залының акустикасы спектакльдің музыкалық бояуын жаңаша қабылдауға мүмкіндік береді.

Концерттік орындау – костюмдер мен реквизиттерден бас тарту деген сөз емес, себебі спектакльдің барлық атрибутикасы сақталады. Жекпе-жек, Татьянаның хаттары мен жаздың суреттері жайлы көріністерді осы бір қысқы кеште тамашалаудың сәті түседі. Көпке танымал «Евгений Онегин» пушкиндік романының сюжетіне Константин Шиловскийдің либреттосы негіз болған. Алдыңғы шепке кейіпкерлердің сезімі – Онегиннің жалғыздығы, Ленский жанының сезімталдығы, Татьянаның қайғы-қасіреті шығады.

Музыкатанушы Маржан Жәкенова, көптеген көріністер тыңдарманның жүрегін селк еткізетінін атап өтті. Лариндер үйіндегі бал кезінде шығатын балет жұптарының биі өте әсерлі болмақшы. Хор өзінің орындауымен түрлі көріністердің («Көпірде, көпіршеде тұрғандай», «Сұлулар-бойжеткендер» және басқасы) көңіл-күйін дәлме-дәл жеткізеді. Алайда ең бастысы – бұл А.С. Пушкиннің үздік өлеңі мен онымен теңдесетін П.И. Чайковскийдің даналық музыкасы, ажырамайтын біртұтас дүние.

Концертте өнер көрсететін «Астана Опера» театрының шығармашылық элитасы: Татьяна – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова; Евгений Онегин – Ескендір Әбжанов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев; Ленский – Халықаралық конкурстардың лауреаты Мейір Байнешов, Халықаралық конкурстардың лауреаты Нарұл Тойкенов; Ольга – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина; Гремин князь – Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Артұр Қайыпқұлов; Ларина – Халықаралық конкурстардың лауреаты Татьяна Вицинская; Филиппқызы – Халықаралық конкурстардың лауреаты Гүлжанат Сапақова.

Дирижерлық тізгінде – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.

Концертте театрдың хоры мен балеті өнер көрсетеді. Спектакль 2 сағат 30 минутқа (бір үзіліспен) созылады. Билет бағасы 1500 теңгені құрайды, басталуы 18:00-де.

Сурет: ©Astana Opera