- Негізгі бет
- Салт-дәстүр
- Шұбат ішіп, бауырсақ...
Шұбат ішіп, бауырсақ жеуден жарыс өтті
Жарыстың да түрлі-түрлісі болады екен. Ақтау қалалық жастар орталығы мәдени-демалыс кешені қала тұрғындарының арасында ұлттық тағамдарды жеуден жарыс ұйымдастырды. Бұл шара Конституция күніне орайластырылыпты. Сайыс кезінде көрермендерге арналған арнайы мерекелік концерт те ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылар қазақтың ұлттық дәстүрін, ұлттық тағамдарын насихаттауды көздеген. Осы мақсатта көрермендер арасында «Шұбат ішу», «Бауырсақ жеу», «Қарбыз асау» сайыстары өткізілді. Әр сайысқа қатысуға ниеттілер көпшілік арасынан сол сәтте анықталды. Олардың жылдамдықтары сыналып, тағамды ең бірінші тауысқандары үздік деп танылды.
«Мен мерекелік концертті тамашалауға келгенмін. Мұндай сайыстар ұйымдастырылғанын бірінші рет көруім. Байқау туралы хабарлаған кезде қатысып көруге бел будым. Күнделікті өмірде үш стақан шұбатты бірден ішіп тауыса алмаймыз ғой, оның үстіне ыдыс үлкендеу. Бірақ барынша жылдам болуға тырыстым», - дейді шұбат ішуден бақ сынасқан Гүлмира Бердіқұлова.
Осы сайысты өткізу үшін ұйымдастырушылар ауылдың бірнеше литр шұбатын арнайы алдырып, қап-қап бауырсақ пісірген. Сайыста топ жарып, үздік атанған жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
А. Қажиев