Конституция күні құтты болсын!

Конституция күні құтты болсын!
Фото: sabaqtar.kz

Қай заманда да, қай қоғамда да елді тәртіпке салатын, халықтың қамын күйттейтін бір заңның болуы шарт. Қасым ханның "Қасқа жолы" мен Есім ханның "Ескі жолы" етегімізді жинап, ел болуымызға себін тигізді. Ал Тәуке ханның "Жеті Жарғысы" бүгінгі Ата Заңымыздың алғышарты ретінде тарих сахнасынан ұмытылмақ емес.

Бүгінде күшінде тұрған Қазақстан Республикасының Ата Заңы 1995 жылдың 30 тамызы күні бүкілхалықтық референдумда қабылданды (Конституцияға 1998 жылы және 2007 жылы толықтырулар мен өзгертулер енгізілді).  

Бұл күн мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні саналады. Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігі баянды болсын! Сіз бен біздің құқығымызды қорғап, ұрпақтарымызға жарқын жол сілтейтін Конституцияның әр заңдары мен талаптарына жауапкершілікпен қарайық. Қазақтың Ата Заңын құрмет тұтайық!

Тұғырлы тәуелсіздігіміздің, еңселі егемендігіміздің тірегі болған Ата Заңымыз сіз бен біздің құқығымызды қорғап, тең өмір сүруімізді қамтамасыз етеді. Massaget.kz елімізді осы бір айтулы мерекемен құттықтап, көк туымыз көктен түспей, Конституциямыз өміршең болсын деген тілек айтады.

А. Қажиев