- Негізгі бет
- Салт-дәстүр
- Жылқы түстері ...
Жылқы түстері
Дала өркениетінің дамуына үлес қосып, көшпенді шаруашылықтың ілгері басуына мұрындық болған жылқы жануарын адамзат қолға үйреткеннен бастап, бұл жануар ата-баба өмірінде ерекше маңызға ие болды. Қамбар ата баласының болмысын, мінезін, көңіл-күйін, әр қимылын, түр-түсіне дейін бабаларымыз толыққанды зерттеп қойған. Ахмет Тоқтабайдың "Қазақ жылқысының тарихы" кітабындағы ақпаратқа сүйенсек, көшпенді қазақтар жылқының түсін 300-ге жуық атаумен атаған. Бұл өзге халықтарда кездесе бермейтін көрсеткіш болғандықтан, оны Гиннестің Рекордтар кітабына енгізу туралы ұсыныс тасталды. Бұл мақалада дәл осы атауларды назарларыңызға ұсынбақпыз.
14 қаңтар күні ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде жылқы түстерін Гиннестер рекордына енгізу мәселесі қаралып, бұл көрсеткіш алдағы жылдары расталуы мүмкін деп хабарланды. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы директорының орынбасары Баян Шайгөзованың мәліметі бойынша, Еуропада жылқы түсінің 60, Ресейде 40 атауы бар. Бұл біздің халқымыздың көрсеткіштерінің жанында салыстыруға келмейді. Қазіргі уақытта осы мәселеге байланысты ұсыныс тасталып, жауап күтілуде.
Қазақ халқы өзге халықтар сияқты атқа лақап ат қоймаған. Оның орнына жылқыны түсіне байланысты сипаттап, соған сәйкес үйірдің арасынан оңай ажыратқан. Тарихи деректерге сүйенсек, ХІХ ғасырдың аяғында Торғай облысында мал дәрігері қызметін атқарған М.Преображенский мен А.Добросмыслов қазақ арасында жылқы түстерінің көптігі сонша, оны орыс тіліне аудару мүмкін еместігін айтқан. Ресей атты әскерінің майоры болған әйгілі жылқы маманы И. Хантинский 1892 жылы былай деп жазған: «Қазақ жылқыларының 60% жуығы торы, жирен және көк түсті. Ал қалған 40% біз араларын ажырата алмайтын басқа да түстердің еншісінде» депті.
Көне заманда бабаларымыз байлықты жылқы санымен өлшеген. Бірнеше үйір жылқысы бар дәулетті кісілер өз жылқыларын баран топ (қара), қылаң топ (ақ) деп екіге бөліп ұстапты. Жылқының ең жақсы түсі – "қаракөк", ал жаманы – "ала" деген түсінік бар. Қаракөк аттың түгін алақанмен ысқанда от жарқылдап тұрады екен. Мұндай түстегі жылқы 9-10 жасында теңбіл, 15-16 жасында көкала, 20-ға шыққанда ақбоз түске өзгереді. Ал қартайғанда көзі қызарып, шаңқиып тарланға айналады екен. Осы себепті қазақ қаракөк түсті жылқыны құрметтеп, тек салтанатты жиындарға мінген.
Ал ала ең нашар түс деген түсінікті мына бір тарихи оқиғадан түсінуге болады. 1916 жылы Торғайда ұлт-азаттық көтеріліс басталып, Амангелді батырды бас қолбасшы, Әбдіғаппарды хан сайлағанда ала ат сойылыпты. Мұны көрген қыр қазақтары "Мұнысы несі, бұл жақсылықтың нышаны емес, енді елді алауыздық билейді" деп үрейленіпті. Айтқандай-ақ, уақыт өте екі тұлға бір-бірімен келісе алмай, оқиғаның соңы екеуінің де өлімімен аяқталды.
Жоғарыда айтқандай, бабаларымыз жылқыны негізгі екі топқа (баран, қылаң) бөліп, осы топтардан ары бірнеше түске тарқатқан. Мысалы, баран тобына кіретін қою түстердің ішіндегі "торының" тек қана өзінің 30-ға жуық атауы бар. Ақпарат түсінікті болу үшін назарларыңызға суретпен толыққан жылқы түстерін ұсынамыз.
А. Қажиев